Кеш ескерілген ерлік
Сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін отқа түсіп, оққа ұшқан қазақ батырлары мәңгілік жадымызда сақталары хақ. Ен даланы қанға бөгіп, майдан алаңына айналдырған сол бір сәтті Ұлы Отан соғысы десек, енді бірі Екінші дүниежүзілік соғыс деп те атайды. Алайда, соғыстың аты соғыс. Сол бір зұлматты жылдарда майдан шебіне 1,5 млн.-ға жуық қазақстандық аттанады. Жауды жайратып, жерді азат ету барысында қолданылған оқ-дәрінің дені Қарағанды қаласынан алынды. Өзі жарымаса да өзгені жарылқаған тылдағы еңбектің де есебі өлшеусіз...
Соңғы мәліметтер бойынша, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллиондай адамын жалмаған сұрапылда Қазақстаннан да көптеген жауынгерлер жауға қарсы жан аямай шайқасты. Осынау соғыста бүкіл КСРО бойынша 12 мыңнан астам жауынгерлер, командирлер, қолбасшылар, партизандар, қарапайым халық өкілдері осы елдегі 1934 жылы белгіленген ең жоғарғы құрмет – Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Солардың қатарында оған ие болған қазақ ұлтының азаматтарының саны 103-ті құрап отыр. Бұл әрине нақты емес. Бізге ең маңыздысы – кешегі Ұлы дала батырларының тіккен ерлік туын құлатпай, асқақ ұстасын, жас ұрпақ қастер тұтсын, ардақтасын деген ізгі тілекті жүзеге асыру. Өйткені, қазақ қанынан жаралған жас ұрпақ Отан үшін от кешкен аталары мен апаларының есімдерін біліп өсуі тиіс. Сонда, Елбасы айтқан рухани жаңғыру санамызда да орнайды.
1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германияның Кеңес Одағына опасыздықпен басып кіргеніне биылғы жылы 77 жыл толмақ. 1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыста біздің сан мыңдаған бауырларымыз Отан үшін отқа түсіп, қаншама боздақтарымыз сұм соғыстың құрбаны болғаны – ащы шындық. Жалпы, соғыс жылдарында 500 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Солардың ішінде бүкіл қазақ үшін алар орны ерекше бүгінгі қаһарманымыз – Бауыржан Момышұлы (24 желтоқсан 1910-10 маусым 1982) Кеңес одағының батыры, жазушы, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик. Батыс майданындағы 16 армияның 316 (1941 жылдың қарашасынан бастап 8-гвардиялық Қызылту атқыштар дивизиясы 1073 атқыштар полкінің (1941 жылдың қарашасынан 19 гвардия полкі) және батальон командирі. Ұлы Отан соғысына генерал-майор И.В.Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысты. Батальон командирі ретінде аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Мәскеу үшін шайқаста 207 рет ұрысқа қатысты. Ұшқыр ой, ұтқыр шешімді дер кезінде қабылдай білетін қазақ батыры майдан даласындағы айқаста ерен ерлік таныта білді. Сондықтан, Бауыржан Момышұлының бойынан Отан үшін жан қиған бабалардың бейнесін көруге болады.
Осы орайда, «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Елен Әлімжаннның «Бауыржан Момышұлы кім?» деген мақаласы ойға оралды. Сонда: «Бауыржан Момышұлы кім деп сұрасаң жалпылай жауап алғаныңмен, нақты жауап ала алмайсың. Бұған кінәлі олар емес, әрине. Жастарға Бауыржан Момышұлының Отанына сіңірген еңбектерін саралап, бағалап, оның тарихымыз бен қоғамымыздағы орнын әлі күнге дейін атап, түстеп бермеген біз, аға ұрпақ кінәліміз. Бұрын бұл кінәні кеңестік империяның тоталитарлық саясатына артып келдік. Енді ешкімге арта алмаймыз. Сондықтан мойындап, шамамыз келгенше бұл олқылықтың орнын өзіміз толтыруымыз керек. Өйткені, Кеңес Одағының кезінде Баукеңді насихаттауда біржақтылық болғанын ата, аға ұрпақ жақсы біледі. Кейін сол кемшілік жайдақ танымға әкеліп ұрындырды.
Ал, оның майданның алғы шебінде жүріп атқарған жұмыстары соғыс батырының шеңберінен шығып кетіп жатты. Аға лейтенант шеніндегі батальон командирінің, кейіннен полк, дивизия басқарған полковник қолбасшының ойлары мен әрекеттері кезекті ұрыстың тактикалық немесе стратегиялық шешімдерінен әлдеқайда ауқымды болды. Сондықтан да оның атақ-даңқы ресми батырлар мен генерал қолбасшылардан асып кетті. Баукеңнің бұл әрекеттерін Мәскеу ұлтшылдық деп таныды. Орталық солай бағалаған соң, республика басшылары қайда барсын. Олар да ұлт батырына салқын қарады. Бірақ соғыс жағдайында Баукеңді ұлтшылсың деп ешкім жариялы түрде жазғырған жоқ. Өйткені, сол кездегі майдан мен тылда қалыптасқан жағдайдың тек шындығын айтқан Баукеңнің әрекеттерінде КСРО Конституциясы мен өзге заңдарына қайшы келетін дәнеңе жоқ еді. Мәскеулік билік есесіне үндемей жазғырды. Қайта-қайта ұсынса да Баукеңе Кеңес Одағының Батыры атағын бермеді. Басқа марапаттарға да сараңдық танытты. 1941 жыл мен 1945 жылдың мамыры аралығында Ұлы Отан соғысының аты әлемге жайылған даңқты батыры «Қызыл Ту» орденімен және «Москваны қорғағаны үшін» медалімен ғана марапатталды. Генерал шенін бермес үшін №9 дивизия командирлігіне бекітпей қойды. Сөйтіп, Баукең бір жылдан астам уақыт дивизия командирінің міндетін атқарушы болып жүрді. Генерал шені Баукеңе Бас штабтың академиясын бітірген соң да берілмеді. Әрине, биліктің бұл әрекеттерінде де заңға қайшы ештеңе жоқ болатын. Сонда, коммунистік-кеңестік билік ұлтшылдық деп таныған, ал халық биік парасат пен ерекше қуат-күш көрген Бауыржан Момышұлының сол әрекеттерін біз қазір не деп атаймыз? Өкінішке қарай, оның бұл әрекеттерінің әлі күнге дейін нақты аты жоқ. Дәлірек айтқанда, әлі сол жалтақтықпен соғыс батыры, жазушы деген атаумен шектеліп жүрміз. Ал, шын мәнінде ол кісіні халық арасында ұлт батыры атандырып жүргені керемет қайраткерлігі емес пе?!» – дейді.
P.S: Отан үшін, жер үшін жанын шүберекке түйіп, қасық қаны таусылғанша жауға қарсы күрескен қазақ батырларына көрсетілген әділетсіздіктер жоқ емес. Жау ұясының үстіне ту тіккен Рахымжан Қошқарбаевқа да Халық Қаһарманы атағы 1999 жылы үлкен дау-дамаймен әзер берілгенін де білеміз. Оның өзі бөлек тақырып деуге болады. Енді, кейіпкеріміз Б.Момышұлы бірнеше орден, медальдармен наградталады, Кеңестер Одағының батыры атағын алады. Алайда, халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Б.Момышұлы атақ-даңқтан кенде адам емес. Ол, Кеңес дәуіріндегі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қызыл Ту», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», 1-ші дәрежелі «Отан» соғысы, 2 рет «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет белгісі» сынды орден-медальдармен марапатталса, халқының шын мәніндегі қаһарман ұлына Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін
«Халық қаһарманы» атағы берілді.
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.