Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағдыры ғасырдың тарихын қамтыған

Тағдыры ғасырдың тарихын қамтыған


«Жыласам түнде оянған, мұздай бесік таянған, Ардақты бар ма анадан» деген тек екі-үш ауыз жол арқылы ғана халқымыз ана деген ардақты есімнің мехнатын ұқтырғандай ма қалай? Сондықтан да болар, қазақ ананы айрықша құрметтеген. «Алып анадан туады» деп, барлық ұлы ғұламалар мен батырларды дүниеге әкелетін тек қана ана оған барлық құрмет лайық екендігін айтып өткен.

Көктемнің алғашқы лебімен ілесе келетін халықаралық әйелдер күнін нәзік жандылар ерекше күтеміз. Сол наурыздың сегізінші жұлдызымен жаңалық ере келетіндей айрықша көңіл-күйде болатынымыз да жасырын емес. Қазақ қоғамында анаға деген құрметті тек бір күннің шегіне еншілеп қою да аздық етер бәлкім. Дегенмен, әркім хал-қадірінше құрмет көрсетеді. Жазушы шығармасына кейіпкер етсе, ақын жырдан жауһар тағады. Сазгер әні арқылы нотаға түсірсе, суретші қылқаламымен жүректерге жол таппақ. Осы сынды біздер де ана жайындағы мақаламыз арқылы осынау қымбатты есімге құрмет көрсетпекпіз.
Ауданның еңбек қоғамын қалып­тастырып, ұрпақ тәрбиелеуде Райхан Серікбаеваның да салмақты үлесі бары құлағымызға тиген соң ме­реке қарсаңында атбасын аудан­ның теріскейіне бұрдық. Сырт­тай естуімізше, тоқсанның табалдырығынан аттаған ана газет-журналдарды көзілдіріксіз-ақ оқитын көрінеді. Біз құтты шаңыраққа енгеннен қарсы алып, құрақ ұшқан кейуананың тың қалпы расында бізді таңдандырды. Мүмкін, мұның сыры еңбекпен жетілген сонау күндердің еншісінде шығар. Хош, сонымен әңгіменің ауанына ойыссақ.
Сонымен, кейіпкеріміз Райхан апа Майлытоғай ауылында 1927 жылы дәл наурыз айының сегізінші жұлдызында Мырзағұлұлы Үсентай мен Палымның отбасында дүние есігін ашады. Ал, 1934 жылы Майлытоғайдағы мектеп табалдырығын аттайды. Жеті жылдық білім алып шыққан Райхан Үсентайқызы өзі құралпы жастармен егін даласының қайнаған базарынан бірақ шығады. Бидай, күріш орып, шөп баулау жасөспірімдерді шынықтыра түсті. Осылайша, еңбек майданында алаңсыз жүрген халықты Ұлы Отан соғысының суыт хабары селт еткізді. Адамзат бастан өткерген небір
тар жол, тайғақ кешу мен алмағайып ауыр кезеңдерде де ана артта қалған емес, ұрпағының аман-есендігі үшін жанын садаға еткен. Міне, дәл осы қиындықтарды тылдағы еңбегімен еңсере білген Райхан ананың көкейінде жүрегінің түкпірінде асыл арманы сақтаулы болатын. Ол – орта мектепте алған білімін жоғарғы біліммен ұштастыру еді. Ол арманы 1943 жылы Қызылордадағы педучилищеге түскенде орындалғандай болған. Болған деуіміздің де себебі жоқ емес. Арманның қанатында небары алты ай ғана самғаған Райхан ана әкенің сөзін аяқасты ете алмады. Әкесі Үсентайдың да қызымды майдан шебіне алып кете ме деген қорқынышы күні-түні ойдан шықпады. Оған себеп, майданға аттанған төрт ұлдың үшеуінің хабарсыз кетуі еді. Ел басына күн туып, ер азамат толарсақтан қан кешкен жылдарда майдан даласындағы ерлік, тылдағы ерен еңбектің нәтижесінде Ұлы Жеңіс туы желбіреді. Сол бір сұрапыл айлар мен жылдарда «Бәрі майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» – деген ұранмен еңбек көрігін қыздырған жандардың қатарында болған Райхан Серікбаеваның да сол көріністер әлі күнгідей көз алдында. Оны біз әңгімелесу барысында аңғардық.
Сөйтіп, 1949 жылы қаңтарда өмірлік серігі болған Қожабек Серікбаевпен бас қосып, сегіз баланы өмірге алып келеді. Ауызында Алласы, тілінде тобасы бар әжейдің жанына бататыны тек бір перзентінің өмірден жастай озғаны екен. Ал, өзге балаларын құтты орындарына қондырып, аяқтандырыпты. Әңгіме арасында өзін жастар тәрбиесі, оның ішінде қыз тәрбиесі алаңдататындығын да жасырмады.
– Қыз баласының тағдыры нәзік дүние ғой. Соны кішкентайынан тәрбие арқылы орнықтырып алу қажет. Егер ол, қолдан сырғып түссе, қайтара аламын деп ойланбай-ақ қой. Сол сырғып түскен тәрбиенің арғы бетінде қыз ғұмыр, ата-ана мен елдің, қала берді дүйім жұрттың абыройы жатыр. Сондықтан, жалпы бала тәрбиесінде ыждағаттылық басты нәрсе болуы қажет, – деп баса айтты.
Иә, балалары жанына жалау болып отырған Райхан Үсентайқызының құдай қосқан жары Қожабек Серікбаев 2000 жылы дүниеден озады. Дегенмен, шаңырақта 28 немере мен 12 шөберенің шаттығына бөленіп, ақ шашты әже болып отырған жанның күпірлігінен, шүкірлігі басым екенін байқадық. Тағдыры ғасырдың тарихын қамтыған тоқсандағы кейуанаға біз де «шуақты күндеріңіздің легі толастамағай» деп, осы жерден әңгімемізді түйіндедік.

Дина ЖҮСІПОВА.

08 наурыз 2018 ж. 1 506 0