Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАҺАРМАН ҚЫЗҒА ҚОС ҚАЛАДАҒЫ ҚҰРМЕТ

ҚАҺАРМАН ҚЫЗҒА ҚОС ҚАЛАДАҒЫ ҚҰРМЕТ




Батырлық – басқа қонатын бақ емес, жүректен ерлік болып шығатын ұлылық. Ал біздің халқымыз үшін бұл – ұлына ғана емес, қызына да бірдей дарыған қасиет.
Жеңіс күні мерекесі қарсаңында сол даңқты дәстүрді жалғастырушы, қазақтың қайсар қызы – Әлия Молдағұловаға Санкт-Петербург қаласының төрінен еңселі ескерткіш ашылды. Бұл қаһарман қазақ қызының рухына көрсетілген ұлы тағзым ғана емес, екі елдің бірлігі мен ерлігін, айбыны мен даңқын паш ететін дара дүние. Әлия Молдағұлованың ескерткіші Санкт-Петербург қаласындағы өз атына берілген көшеде орналасқан. Биіктігі 3 метр қоладан құйылған мүсіндік композиция қызғылт гранитті тұғырға орнатылған. Онда батырдың есімі мен жапсырма жұлдызы бедерленген. Постаменттің сыртқы жағында мерген қыздың ерлігі қысқаша қашап жазылған. Шығармашылық жобаның авторы – белгілі қазақ мүсіншісі Едіге Рахмадиев.
Бұл майдангер Әлия Молдағұлованың құрметіне қойылған Ресейдегі алғашқы мүсін емес. Сонау 1971 жылы 12 миллионға жуық халқы бар алып шаһар Мәскеу қаласында да 2 ғимарат, 5 корпустан тұратын №402 Ә.Молдағұлова атындағы мектеп өзі аттас көшенің бойынан ашылған. Бүгінде Юлия Литвинова атты ұстаз басқаратын мектепте мыңнан астам бала білім алады. Іргелі білім ордасының ашылуына Ә.Молдағұловамен бірге соғыста болып, шайқасқан мерген майдандастарының ұсынысы себеп болған екен.
Бұл ғана емес мектеп жанынан «Әлия» телестудиясы мен қаһарман қыздың құрметіне қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін үлкен музей де жұмыс жасап тұр. Бұл кереметті өткен жылдың соңында «Сыр медиа» ЖШС қарасты басылым редакторларының Мәскеуге сапарында әріптестеріміз өз көзімен көріп, әсерімен бөліскен еді.

Әлия Молдағұлованың ерлігі жайлы не білеміз?
Әлия Молдағұлова Қазақстанда дүниеге келген, бірақ Ұлы Отан соғысының алдында Ленинград қаласында тұрып, білім алған. 1941-1942 жылғы үрейлі алапат қырғыннан аман қалған. 1942 жылдың наурыз айында Ярослав облысына эвакуацияланған. 1943 жылы орталық әйелдер снайперлік мектебін бітіргеннен кейін 18 жастағы қыз 54-ші жеке атқыштар бригадасының 4-ші батальонының мергені болған. Жауынгерлік іс-қимылдар барысында ол жаудың 78 солдаты мен офицерін жойды. Әлия Молдағұлова 1944 жылы қаңтарда Ленинград-Новгород операция­сын өткізу кезінде Псков облысының Казачиха ауылындағы шайқаста ерлікпен қаза тапты.

Дайындаған Г.ЯХИЯ.
09 мамыр 2019 ж. 1 115 0