Ерліктері ел есінде
Мамыр айының төрті күні аудандық балалар кітапханасында «9 мамыр – Жеңіс күні» және «Әлия Молдағұлованың 95 жылдығы» құрметіне орай «Ерлігі өшпес мәңгілік» атты кеш өтті. Кешке №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясы мен №244 Ы.Жақаев атындағы орта мектептің және №46 А.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің 6-7 сынып оқушылары қатысып, қай жағынан болмасын белсенділіктерін байқатты.
«Отан соғысының басталуы», «Майдан шебінде», «Генерал Панфилов пен Бауыржан Момышұлы», «Әлия мен Мәншүктің соғыстағы ерліктері» және «Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тігуі» атты көріністер бойынша оқырмандар өздерінің әртістік өнерлерін ортаға салды. Нұрғаным Балтабай – Әлия, Мерей Тілеубай – Мәншүк, Бауыржан Момышұлының генерал Панфиловтан бұйрық алып тұрған сәтіндегі генералды – Бауыржан Сыздықов бейнелесе, Бауыржан Момышұлын – Айбек Самидинов сомдап, шара оқырмандар мен қонақтардың қошеметіне бөленді. «Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тігуі» көрінісінде Комбат Давыдовты Нұрбек Төрәлиев бейнелесе, Рақымжан Қошқарбаев болып тағы да Бауыржан Сыздықов шығып, Григорий Булатовты Айқын Бекенов сомдағаны көпшілікке ұнады. Балнұр Балтабай «Мәншүктің монологын» мәнерлеп оқып, Нұрай Серікқызы «Ямка» күйін құйқылжыта орындап берді.
Кітапхананың белсенді оқырмандары Сания Қоңырова, Алмат Исмаилов, Иманғали Нұрғалиұлы, Қуаныш Асылбекұлы және Ақниет Жолдастар Ұлы Жеңіс күніне арналған өлең-жырларды жатқа оқып, Айбек Самидинов «Біздің Отан жеңеді» атты әнін шырқап, көпшілікке өнерін паш етті.
Кітапханашы Ақайша Садықова «Отты жылдар – өтті жылдар» атты кітап көрмесімен көпшілік оқырмандарды таныстырды. Кітапхана меңгерушісі Ұлторы Ешмаханова шараға қатысушы оқырмандарды алғыс хаттармен марапаттады. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Айнұр Әбілдаева мен ата-аналар – шара қонақтары ретінде сөз сөйлеп, кештің жоғарғы дәрежеде өткенін атап өтті.
Шара соңында оқырмандар «Ақ көгершін» әнін хормен шырқады.
Назерке Мұхамедиярова.