Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Соғыстың нүктесін қойған Қошқарбаевтың ұрпағы қайда жүр?

Соғыстың нүктесін қойған Қошқарбаевтың ұрпағы қайда жүр?

360 метр. Бұл – Жеңіс туы тігілген Рейхстаг пен Гитлер үйінің ара-қашықтығы. Екінші дүниежүзілік соғыстың нүктесін қойған қазақтың қайсар батыры, лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қызыл әскер Григорий Булатовтың жау ұясына жалау тігуі – от пен оқ теспеген кеуделерінің  құрметке лайық екенін көрсетеді.
 Биыл даңқты батыр Рақымжан Қошқарбаевтың дүние салғанына – 30 жыл. Халық қаһарманының аңызға айналған ерлігі мен табандылығын, кескілескен шайқастардағы жауынгерлік келбетін дүйім жұрт жақсы біледі. Алайда батырдың бүгінгі жалғасы – тікелей ұрпағы, немерелері бар ма, жоқ па оны көпшілік біле бермейтіні даусыз.
 

Қошқарбаевтың екі немересі бар
 
(Сурет. Дәурен Қошқарбаев)
Отбасы туралы айта бастағанда Дәурен нағашы атасы Рақымжан Қошқарбаев пен батырдың қызы, өзінің анасы Әлияның арасындағы басты ұқсастықты тәрбие беру бағытымен байланыстырды.
Қазақ ауыл шаруашылығы институтында оқытушы болған Рахила Сейдахметқызы Яхина мен батырдың отбасында Әлия есімді бір қыз тәрбиеленген. Алайда, «Егемен Қазақстан» газетінің 2014 жылғы 25 сәуірдегі нөмірінде Жанболат Аупбаевтың «Ту тіккен» материалында Сая атты қызы бар екендігі көрсетіледі. Бейресми мәліметтер бойынша, Рақымжан Қошқарбаевтың екі қызы болған, оның бірі Әлия екендігі айтылса, екінші қызы туралы ешқандай мәлімет жоқ. Бірақ батырдың немересі Дәурен өзінің анасы батырдың жалғыз қызы 
болғанын, ал Саяны анасының өгей әпкесі ретінде білетінін айтты.
Әлия Рақымжанқызы Қошқарбаеваның екі ұлы бар. Оның бірі 29 жастағы Дәурен Қошқарбаев болса, екіншісі – 19 жастағы жігіт.
Біз әңгімеге тартқан батырдың бүгінгі жалғасы Дәурен «Алаш Медиа Груп» медиа холдингінде жобалар менеджері болып жұмыс істейді. Мамандығы интернет сауда саласында жаңа жобаларды жүзеге асырумен тығыз байланысты. Мектепте оқып жүргенінде, түрлі математикалық олимпиадалардың жүлдегері болған екен.
 «Алматы қаласында дүниеге келгенмін, сонда өстім. Он жасыма дейін 1988 жылға дейін атамыз тұрған пәтерде тұрдық. Достық, 42 деген мекен-жайдағы сол үйде Рақымжан Қошқарбаевтың тұрғандығы жөнінде мемориальдық тақта орнатылған», - дейді Дәурен.

«Атамның үйіне қонақ көп келетін болған»

(Сурет. Рақымжан Қошқарбаев отбасымен)
 
Дәуреннен атасы туралы анасының естеліктерін сұрағанымызда, ол Қошқарбаевтың соғыс туралы көп әңгіме қозғамағандығын айтты.
«Атам адамдармен тез тіл табысқыш әрі бала күнінен бері еті тірі болған. Балалар үйінде өскен, сондықтан тентек болып өсті деуге болады. Жігерлілігі, тапқырлығы, кез келген уақытта нақты шешім қабылдай алуы сын сағаттарда өз көмегін тигізген. Соғыстан кейінгі жылдары Алматыда тұрған. Көзі тірі кезінде билік оның ерлігін ресми түрде мойындағасы келмеген. Өйткені «Халық жауының» ұлын, ұлты қазақ батырды құрметке бөлеуді биліктің саяси режимі қолайламады. Бірақ оған бола, менің атамның сағы сынбаған. Себебі ол өмір сүруге құштар, айналасын шаттық пен қуанышқа кенелтіп жүретін адам болды. Атамның үйіне қонақ көп келетін болған. Достарының қатарын Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, ұшқыш А.Маресьев секілді сол дәуірдің алтын адамдары толықтырған», - деп өзі білетін мәліметтермен бөліскен Дәурен әңгімесін әрі қарай жалғады.
«Атам соғыс кезінде жүріп, ерлік туралы ойлады деп айта алмаймын. Бұйрықты орындап, тірі қалуды көздеген. Рейхстаг алаңындағы тоқтаусыз жарылыстардың арасында батыл қадамға баруды елестетудің өзі қиын. Атам жағдайға қарай анық шешім қабылдай алатындықтан, нақты әрекет жасауға көшкен. Бұйрықты орындау барысында, тірі қалудың кішкене мүмкіндігіне үміт артқан. Алайда Рақымжан Қошқарбаевтың тұлғалық болмысына қарап, соғысқа дейін де, соғыстан кейін де нағыз батыр болғанын аңғару қиын емес».
 
Рақымжан Қошқарбаев «Алматы» қонақ үйін 21 жыл басқарған  
  
(Рақымжан Қошқарбаевтың портреті)
Рақымжан Қошқарбаев 1967 жылдан 1988 жылға дейін сол  кезеңдердегі ең танымал «Алматы» қонақ үйін басқарған.  Қызығы, бір кездері Дәурен атасы негізін қалаған және директор болған қонақ үйде уақытша жұмыс істеген.
Дәурен үнемі өзін-өзі жетілдіруге, түрлі салаларда өзін шыңдауға көп күш жұмсағанды, сондай-ақ өз ісінің шебері болуды қалайды. Арқа сүйер азамат, үлгілі аға, адал дос болу өмірлік мақсаттары екенін айтты. Ал басты арманы – жақын адамдарын қорғау арқылы жанына жайлы өмір сүру.
«Анамның ұйғарымымен, атамның тегіндемін. Болашақта менің балаларым да осы фамилияда болатыны даусыз. Атамның тегі – мен үшін үлкен жауапкершілік. Елінің лайықты азаматы болу, жақындарына қамқорлық таныту, адамгершіліктен аттамау – барлық адамға ортақ парыз», - деп Дәурен өз ойын қорытындылады.
 



Гауһарай ЕСІМОВА,
"Астана ақшамы" газеті
06 мамыр 2018 ж. 1 453 0