Бүгін Қасым Қайсеновтың туғанына 100 жыл толды
Бүгін қазақтың даңқты батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қаруын қаламға ауыстырған әйгілі партизан Қасым Қайсеновтың туғанына тура 100 жыл толып отыр.
Қазақ тарихындағы көзі тірісінде аңызға айналған тұлғалардың бірі – ержүрек батыр Қасым Қайсенов. Ол 1918 жылдың 23 сәуірінде қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Асу-Бұлақ ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда аталған ауданның орталығы – Қасым Қайсенов кенті (бұрынғы Молодежный кенті) деп аталады.
Әйгілі партизан 1934 жылы мектеп бітіріп, Өскемендегі саяси-ағарту техникумына түседі. Арада төрт жыл өткеннен кейін Павлодар қаласындағы облыстық оқу бөлімінің саяси-ағарту жөніндегі нұсқаушысы болып жұмысқа тұрған. Қызмет барысында өзгелерден ерек, әрі талабы ұшқыр жас жігіт әскер қатарына шақырылып, дағдысына қарай әскери-барлау мектебіне оқуға жолданады. 1941 жылы Мәскеу қаласындағы барлаушылар мектебінде оқып жүрген кезінде соғыс өрті лап ете түскен еді.
23 жастағы қазақтың қайсар жігіті соғыс басталған жылы жаудың табанында қалған Украина жеріне жіберіледі. «Қасым деп атады, ал фронтта мен Вася болдым…» деп кейін өзі еске алғанындай, ол Булатов Василий Михайлович атымен жаудың тылында жалған құжатпен күрес жүргізеді. Ол кезде Украина жері – нағыз желдің өті, жаудың беті болатын. Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарған батыр күтпеген жерден жауға тап беріп, із қалдырмас нағыз әккі ұрысты жүргізе білген. Топтасып шықса дұшпан қолының апыр-топырын шығаратын партизандар ерліктің нағыз үлгісін көрсеткен еді. Соңына бес жүз партизанға дейін ертіп алып, қапыда жауды састыратын Қасымның ерлігі ол тұста Мәскеуге аңыз боп жетіп жататын. Себебі, жүрек жұтқан көзсіз партизандардың алдыңғы шебінде қазақтың Қасымы жүрген еді.
Соғыс аяқталғанға дейін Украинаның Закарпатье, Молдавия, Чехословакия, Румыния жеріндегі партизан қозғалыстарында Қасым батыр жасындай жарқылдайды. Отряд командирі болған шағында жау тылында жүздеген жорықты басынан өткереді. 1944 жылы Украинаның Закарпатьесі мен Карпатты азат етуге қатысқан. Соғыс аяқталған соң Отанына – Қазақстанға оралып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы аппаратында жауапты қызметте болады. Одан кейін Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандарында атқару комитеттері төрағаларының орынбасары болып еңбек етеді.
Қаламгер-партизанның қаламынан «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала», «Днепрде», «Жау тылында» атты кітаптар дүниеге келіп, шынайы ерлікті бейнелеген еңбектері оқырманның зор сұранысына ие болған.
«Қазір жұрт «85-ке келдің» деп жатыр. Оның енді аз екенін, көп екенін өзім де түсініп отырған жоқпын. Бірақ, әйтеуір, қартайғандық қой. Әбден қарт адамның бірі болдық. Соны білем. Мына адам, алдыңда үлкен ағаларың болмаса, тез қартаяды екенсің. Менің алдымда енді екі-үш ағаларым қалды. Онан басқасының бәрінен үлкенмін. Құдай алдыңдағы ағаны азайтпасын деп тілеу керек жастарға. Әртүрлі жастар бар ғой, «85-ке келдің» деп жұрт айтып жатыр, біреулер «тойлайық» деп жатыр. Не істесеңдер де, еріктерің ғой. Кезінде 80-ді мойындасам, енді сексеннің бесеуіне «келсем келген шығармын» деп мойындап отырмын. Бұрын бата бермейтінмін. Енді бата бере бастадым: Менің жасыма кел, – деп бата беремін. Ал менің жасымнан артық Құдай тағы да өмір берсе, қалған жасқа жаяу жетесің! – деймін. Барлығыңа айтарым сол. Аман-сау болыңдар, өркендерің өссін!», – деген екен батыр 2002 жылы берген сұхбатында.
2006 жылы 30 желтоқсанда батырдың жүрегі мәңгілікке тоқтады.
«Қасым аға өзінің бүкіл болмыс-бітімімен батыр болып жаратылған жан еді. Мұның өзі оның әрбір іс-әрекетінен көрініп тұратын. Қасым Қайсеновтің өмір шындығына негізделіп жазылған тамаша кітаптарын жастарымыздың әлденеше буыны қызыға оқып, ержетті. Мұның өзі олардың отансүйгіш, батыр да батыл болып өсуіне ықпал еткені күмәнсіз», – деді батырдың туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдаған ел Президенті.
2013 жылдың сәуір айында Қазақстан, Ресей, Украина мемлекеттері бірігіп түсірген «Қасым» көркем фильмі көрерменге жол тартты. Көркем фильмдегі негізгі кейіпкердің рөлін астаналық Қ.Қуанышбаев атындағы драма театр актері Қуандық Қыстықбаев сомдады.
KAZINFORM.KZ