Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫРДЫҢ СЫРЛЫ БАТЫРЫ

СЫРДЫҢ СЫРЛЫ БАТЫРЫ


«Маржаны Сырдың – Шиелі» демекші, бұл өлке – Сыр өңіріндегі тарихы терең, жері құнарлы, қойнауы қазба байлықтарға толы киелі мекен. Бақыт құсы келіп қонған мекенге биыл торқалы 90 жыл толып отыр. Бұл топырақ – жеті әулие мен бес ғасыр адамын, жезтаңдай әншілер мен елдің мұңын жоқтаған ақындарды мәпелеген бесік. Сонымен қатар, талай тарландарды түлеткен орда. Сондай-ақ, қолына қару ұстап, елін жаудан қорғаған батырлары да аз емес. Солардың бірі – Жаназар Досқанаұлы.
Батыр Жаназар бұрынғы Ақмешіт уезі, Шиелі болысына қарасты «Сұлутөбе» елді мекенінде 1818 жылы туылған. Яғни, Сыр бойында билік-өктемдігін жүргізген қоқандықтар мен батыстағы Ресейдің отаршылдық саясаты мен барымташылардың озбырлық әрекеттерді көрсеткен тарихи кезеңмен тұспа-тұс өмір сүрген. Осындай қиын-қыстау заманда өмір есігін ашқан Жаназар Досқанаұлы ерте есейіп, қолына қару алды.
Атадан балаға ауызба-ауыз жетіп келген әңгімелердің бірінде Жаназар ірі денелі, екі иығына екі кісі мінгендей, қапсағай бойлы, сұсты, өткір көзді, қыр мұрынды, қараторы жүзді кісі болыпты. Оның батырлық мінезін халық бала күнінен-ақ байқапты. Кей деректерде он жеті жасында-ақ топ жарған делінеді.
Ол туралы мына бір деректе: «Ертеректе батыр ауылына бір топ қарулы барымташылар келіп, Жаңабай қарттың түйелерін айдап әкетеді. Жаназар жалғыз өзі барымташыларды қуып жетіп, оларды қас-қағым сәтте қағып түсіп, қолды болған түйелерді барымташылармен бірге айдап, Жаңабай қартқа қайтарған екен. Сонда, барымташылар: «Әкең Жаназар!» деп айқай салғанда біздің көз алдымыз тұманданып, көрмей қалды» деп он жеті жастағы Жаназардың батырлығын мойындайды», – делінеді.
Жоғарыдағы оқиғада айтып өткендей Әбілмансұрдың «Абылайлап» жауға қарсы шапқаны секілді, Жаназар да жауға шапқанда «Әкең Жаназар» деп айғай салады екен. Айғайды естіген жау әскері тұмшаланған тұманнан қарға адым жерді көре алмай, сасқалақтап, Жаназардың айғайы тізе бүктіреді екен. Жаназар батыр қайда жүрсе де аспанда бұлт айналып, егер жауға шапса, ол бұлт төне тұмандата түсіп, жаудың құтын қашырып, бірін-бірі көрмей де қалатындай болған деушілер бар.
Ел аузындағы әңгімелердің бірінде: «Кенесары Қасымұлы жалғыз Қоқан хандығы емес, орта Азиядағы көршілес Қырғыз елін шабар алдындағы дайындықта қосынын толықтыру мақсатында мал-мүлік жинау жөнінде жарлық береді. Бұл жарлыққа наразы болған Сыр бойындағы қыпшақтар ауылын шабуға келген Наурызбай батыр, Жаназар батырмен кездескеннен кейін, тұлпарының басын кері бұрған екен. Бұл істің түбін түсінбеген сарбаздары: «Бір адамнан қорқып, неге кейін қайттық?» – деген сауалына Наурызбай батыр: «Жаназардың үстіндегі аспанда төніп тұрған қара бұлтты көрдіңдер ме? Жаназардың екі иығынан екі үлек мойнын созып, аузын арандай ашып, маған тап беріп, атылып қарап тұрды. Жаназардың пірі – үлек екен. Менің пірім – қабан. Үлектен қорыққаннан қабаным да атымның астына кіріп кетті. Кейін бір реті келер» – деп жауап берген екен.
Ол қандай қиыншылық кездессе де, ағайынның қамын ойлап, ауылдарды ішінара отырықшылыққа да баулып, құдық қаздырып, диқаншылықпен айналысуды үйреткен. Жаназар Досқанаұлы 1881 жылы дүниеден өткен. Сол ауыл қазір «Бірлестік» деп аталады. Ал, құдық болса, бүгінгі күнге дейін халық игілігіне жарап тұр. Оны тұрғындар «Жаназар құдығы» деп атайды.
Батырдың ұрпақтары Жаназар батырдың өскен және жерленген жеріндегі, яғни, Сұлутөбе тұсындағы ұлы Жібек жолы бойында, 2001 жылы арнайы үлкен кесене-ескерткіш тұрғызып, ел-жұрты жиналып, үлкен ас берді. Ал, 2017 жылы тағы күрделі жөндеуден өткізді.
Батырдың елі үшін еңбегі елеулі. Бүгінгі жас ұрпақ Жаназар батыр, оның өмір жолы, ерліктері жайында біле бермесі анық. Батырдың туып-өскен Бірлестік ауылына Жаназар батырдың есімі берілетіндігі жөнінде аудандық мәслихаттың шешімі көпшіліктің көңілінен шыққаны анық. Ендігі жерде Сыр бойында туып, елі үшін күрескен батыр есімі өскелең ұрпаққа үлгі болары анық.

Ерұлан ДАТКЕНОВ.
14 ақпан 2018 ж. 1 919 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031