Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» келер жылдан үміт көп

келер жылдан үміт көп


«Өткен жылға өкпе жоқ, жаңа жылдан үміт көп» демекші тауық жылын тәмамдап, ит жылына да қадам басқалы отырмыз. Тағы бір жылды артта қалдырып, тарих еншісіне тапсырдық. Өткен жыл еліміз үшін жетістіктерге толы болды десек артық айтқанымыз емес. Тарихта алтын әріппен жазылатын, Тәуелсіз Қазақстанды күллі әлемге танытқан «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі соның бір көрінісі деп марқая айта аламыз. Ал ауданымызда ше? Ауданымызда жаңа кәсіпорындар бой көтеріп, жұмыссыз азаматтар жұмыс тапты. Өндірілген өнімдер базар бағасының тұрақтауына себепші болды. Қайсар рух пен қара күшті қару етіп, еркіндік үшін күрескен бабаларымыз болашаққа үлкен сеніммен қарады. Олар тарихи оқиғаларды сараптай келе әр жылдың сәтті, не болмаса қиын болатынын жорамалдап отырған. Келер жылға көз жібермес бұрын, қазақша жыл санауға тоқталсақ.
Қазақша жыл санау халықтық жыл санау есебінде 12 жыл аты бар болса, олар туралы деректерді VIII ғасырдағы «Күлтегін» ескерткіштері мен ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұт Қашқаридың еңбектерінен кездестіруімізге болады. Ал, біз оны мектеп табалдырығында оқыған «Жыл басына таласқан хайуанаттар» ертегісінен жақсы білеміз. Жыл санаудың өзіндік үлгісі қазақ халқында да бар. Бізде жылды мүшел арқылы санайды. Бір мүшелді он екі жыл құрайды. Әр жылға он екі жан-жануарлардың аты берілген. Олар: тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз. Осы жан-жануарлардың мінезі мен қылықтарына қарай келер жыл солай өтеді деп топшылаған.
Деректерге сүйенсек, бұл жануар Адам ата мен Хауа ана заманынан бері адам баласының адал серігі ретінде қатар өмір сүріп келе жатыр. Ескі таным бойынша бұл жылды жақсылық, елге тыныштық алып келеді деп сенген. Себебі, тарихи деректерге сүйенсек, ит жылы елге берекесімен ерекшеленген екен. Мысалы, мешін, тауық жылдарынан кейінгі ауыртпалық ит жылы біршама жеңілдей түскен. Қазақ халқы үшін қасірет алып келген ашаршылық жылынан кейін ит жылы басталған, яғни, 1933-тен 1934 жылға аяқ басқан шақ. Сонымен қатар, ел басына қара бұлт үймелеп, анасын баласынан, баласын анасынан айырған Ұлы Отан соғысы төрт жылға созылып, Жеңістің туы көтерілген соң, ит жылы басталады.
Осылардың барлығын саралай отырып, ит жылы бейнебір бұлт астынан шапағатын шашқан күн іспетті көрінеді. Қиыншылықтан соң келген, жақсылықтың жаршысындай. Биылғы жылдың қоржыны жағымды жаңалыққа толы болса да, есік қағып тұрған жаңа жыл жаңа табыстар алып келеді деген ойдамыз.
Келер жылы «Маржаны Сырдың – Шиелі» атанған киелі өлкеміздің 90 жылдығы кең көлемде аталып өтілетін болады. Соған орай 90 жылдыққа 90 шара өткізілмек. Яғни, 90 игі бастама қолға алынады деген сөз. Ендігі жерде келер жыл елімізге тыныштық, әр отбасына бақ-берекесін алып келсін дейміз.

Ерұлан ДАТКЕНОВ.
---
31 желтоқсан 2017 ж. 8 480 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930