Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыл санау

Жыл санау


Халықтық жыл санау есебінде 12 жыл аты бар болса, олар туралы деректер VIII ғасырдағы “Күлтегін” ескерткіштері мен ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұт Қашқаридың еңбектерінде кездеседі.

goroskopҚазақша жыл санау мен жыл қайыру кестесі бойынша жылдар бірінен соң бірі былай аталады: тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз. Жыл басы қазақтарда тышқаннан және Наурыз айының 22-сінен басталып, ол он екі жыл бір айналғанда мүшел жасты құрайды. Алайда, адамның алғашқы мүшелі – 13 жас. Біз енді әр жылдың қысқаша анықтамасына тоқталсақ. 
Тышқан жылы. Қазақтар тышқан жылын береке, ырыстың, татулық пен тыныштықтың жылы деп санайды. Тышқан жылының мыңдаған жылдық тарихына назар аударсақ, оның көп жылы аштықсыз, жаугершіліксіз, қиындықсыз, молшылықта өткен. Қанжығалы Бөгенбай батыр тышқан жылы (1684) туса, Төле би тышқан жылы (1756) қайтыс болған, алғаш Қазақ ордасы 1456 тышқан жылы құрылған.
Сиыр жылы. Тышқан жылынан кейін кіреді. Сиыр жылында дау-жанжал, қиындықтар мен ауыртпалықтар көп болған. Қариялар соны жиі айтып, сиыр жылында сәтсіздіктер бола қалса, “Биыл ауыр жыл ғой. Мұның бәрі содан ғой”, – деп өзін-өзі жұбатып жатады. Ырым-нанымға сәйкес, сиыр жылы туғандар бұл жылы сиыр бауыздамайды. Көп халық сиыр жылының дастарханына сиыр етін, одан жасалған тағамдарды қоймайды.
Барыс жылы. Сиыр жылынан кейін кіреді. Оның ауыртпалығы да, жақсылығы да аралас. Бұрындары барыс жылында есте қалатын елеулі оқиғалар болмағандықтан, оны жайсыз жыл санамайды, жамандамайды. Біздің ұлық пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) барыс жылы туып (570), ұлу жылы қайтыс болған (632). 1937-38 жылғы саяси қуғын-сүргін де осы барыс жылында болып, 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы барыс жылына тұстас келді, Мұстафа Шоқай барыс жылы туып, жылан жылы қайтыс болды (1890-1941).
Қоян жылы. Барыс жылынан кейін кіреді. Бұл жыл жұт, аштық, ауыртпалық, бейнетпен қазақ халқының есінде қалған. 1867-68 жылдары жалпақ қоян жұты, 1879-80 жылдары үлкен қоян жұты, 1891-92 жылдары кіші қоян жұты, 1915-16 жылдары тақыр қоян жұты болды. Қазақ даласында көп мал қырылып, адамдар өлді. 1962-63 жылдары да малды аудандарда көп мал қырылды. Қазақ еліне Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама заман 1723 қоян жылы келді. Қоян жылы Абылай хан өмірге келді (1711 ж.).
Ұлу жылы. Қоян жылынан кейін кіреді. Қазақтар ұлу суда өсетіндіктен, бұл жылы астық, шөп мол болады деп, оны жайлы, жұмсақ жыл санайды. Алайда, ұлу жылында да қиындықтар болған.
Жылан жылы. Ұлу жылынан кейін кіреді. Қазақ халқында: “Жылан жылы жылыс болды”, – деген сөз бар. Шыңғыс хан шабуылы 1221 жылан жылы Отырарды алды, 1928ө-29 жылдары Қазақстанда кәмпеске болды, 1941 жылғы неміс-фашист басқыншылығы жылан жылы басталды, Октябрь революциясы (1917-18) жылан жылымен тұстас келді, Абай жылан жылы туып, ұлу жылы өмірден өтті (1845-1904).
Жылқы жылы. Жылан жылынан кейін кіреді. Ел есінде жылқы жылы болған ауыртпалық, қайғылы оқиғалар жоқ. Жылқы жылы туғандар бұл жылы жылқыны бауыздамайды. Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтер жылқы жылы (1894) туған. Қаракерей Қабанбай батырдың да (1690), Жамбыл Жабаевтың да (1846) туған жылы – жылқы.
Қой жылы. Жылқы жылынан кейін кіреді. Қазақтар қой жылын – жақсы жыл санайды. Қой жылы халыққа жайлы болған, молшылыққа кенелген. 1966-67 қой жылы Қазақстанда миллиард пұттан астам астық алынды. Құнанбай қажы қой жылы туып, Шоң би қой жылы қайтыс болған. Қазақстан 1991 қой жылы тәуелсіз ел атанды, Ахмет Байтұрсынов та қой жылы (1873) дүниеге келді.
Мешін жылы. Қой жылынан кейін кіреді. Қазақтардың пайымдауынша, ол – жайсыз жыл. Бұл жылы бүліншілік, сәтсіздіктер мен жағымсыз оқиғалардың көп болуы мүмкін. Сол себепті қазақтар мешін жылынан қорқып отырады. 1920 жылы қазақ даласында көп мал қырылып, бұл жыл – “Тас мешін” деп аталды. 1931-32 жылғы алапат аштық та мешін жылы болып, Ақ орда хандығы 1428 мешін жылы құлады, мешін жылы (1680) Әз-Тәуке хан таққа отырып, ел биледі.
Тауық жылы. Мешін жылынан кейін кіреді. Халық бұл жылды да ауыр жылдардың бірі санайды. Өйткені, тауық жылы қауіп-қатер жиі болған, халық көп ауыртпалық көтерген. 1920-21, 1932-33 тауық жылдары жұт, аштық, 1968-69 тауық жылы құрғақшылық болды. Әл-Фараби (870-950), Міржақып Дулатов (1885-1935), Мұхтар Әуезов (1897-1961) тауық жылы туған.
Ит жылы. Тауық жылынан кейін кіреді. Мешін, тауық жылындағы ауыртпалық ит жылы жеңілдейді. Мысалы, 1933 жылы аштық тиылған, 1945 жылы соғыс аяқталған. Қаныш Сәтбаев ит жылы туған (1899-1964 ж).
Доңыз жылы. Ит жылынан кейін кіреді. Жыл санаудың және жыл қайырудың соңғы жылын Қазақстанның кей жерінде, кейбір түркі елдерінде қара киік жылы деп атайды. Халық бұл жылы пәле-жала көп болады деп ойлайды. Алайда, доңыз жылы көп жағдайда қазақтарға жайлы болған. Қазақ – жоңғар соғысындағы үлкен жеңіс – 1729 доңыз жылы болды.

Әзірлеген Жанна Райымбекова
kerekinfo.kz
24 желтоқсан 2017 ж. 15 452 0