Тарих – ақиқатты сүйеді
Небәрі 53 жыл бір ай төрт күн өмір сүрген білікті дәрігер, емші Әлмахан Біләліұлы Каменовтің өмір сүру кезеңі айтулы желтоқсан оқиғасына да соқтығысып өткен. Қайсар мінезді жас жігіт алаңға қорықпастан ұрандатып барған жастардың бел ортасында болды. 2012 жылы Әлмаханнан осы сен 86 жылы универиситетті оқып жүргенде желтоқсан оқиғасына қатыстым дедің, жастар бекерден-бекер көтерілмеген шығар, деп сұрағанымда, «Тарих – ақиқатты сүйеді. Үстіміздегі жылы желтоқсан көтерілісінің 26 жылдығын атап өтеміз. Санаға сұп-сұр мұң ұялатып, жүрекке шерлі шемен қатыратын осы бір оқиға «Мен қазақпын» деген адамның жанын ауыртып, намысын оятқаны анық. Елдігіміз еңсе түзеп, халқымыз тәуелсіздік тұғырына көтерілген тұста желтоқсаншылардың ерлігі тарихтан ойып тұрып орын алды. Біреулер «бұл оқиғаны қозғалыс деп атау керек!» десе, енді бірі «Бұл – нағыз көтеріліс!» деп баға берді. Қалай десек те қазақтың ширығып тұрған жастары намысқой, өр тұлғалы ел екенімізді паш етіп кетті. «Жиырма бірде жасым бар, Қайрат деген атым бар. Еркек тоқты құрбандық, Атам десең атыңдар»,– деп шырылдаған 21 жастағы Қайраттың үні жиырма бірінші ғасырға дейін жетті. 21 жас, жиырма бірінші ғасыр. Бұл нені айқындайды? Көкейді мазалаған осы сауалдарға 26 жыл бойы жауап іздеу барысында өз басым біраз деректерді ақтарып көрдім. Жалпы, қазақ тәуелсіздік жолында толарсағынан су кешіп, «ұрпағымды бодан қылмаймын» деп жауымен үздіксіз бодандыққа қарсы 300 рет бас көтеріп, бел шешіп айқасқан күрескер халық. Сол күрескерліктің жиырмасыншы ғасырдағы қалыптасқан көрінісін Желтоқсан құрбандары айшықтап берді. Олар Тәуелсіздіктің тұғырына қонуына өзіндік сара жол салды. Сол күнгі оқиғаны бойына жиып тітіркенген алаңға бұл күні Тәуелсіздік монументі қойылып, дербестігіміздің таңы атты. «Желтоқсан оқиғасы» – қазақ жастарының ыстық қаны төгілген көтеріліс, ақиқатында желтоқсан көтерілісі. Сондықтан, халық ақыны Ғали Ормановтың «Алаңға шыққан әрбір жасты ұлт батыры деп ардақтауымыз керек» деген, – сөзімен аяқтағанымыз жөн болар», деп күрсіне отырып сөзін аяқтаған еді қайран батыр інім.
Әлмахан тағдыр тәлкегіне көп іліккен жігіт. Өрімдей жас кезінде желтоқсан көтерілісіне қатысып тепкіленді. Қырыққа жетпей сал болып төсекке таңылды. Елуге жетпей әйелі Алмаш қайтыс болды. Екі баланы оқытты, жеткізді. Оттың басын көңірсітіп отыратын әйел баласы қажет болды. Өзімен тағдырлас Айгүл деген қызбен екінші рет үйленді.Осының бәріне төзді, қайсарлықпен ағысқа қарсы жүзді. Орнынан тұрды, қыран бүркіттей саңқылдап өз ойын именбестен кез келген ортада айта білді. Емші-дәрігер бола жүріп, аудандық мүгедектер қоғамын басқарды.
Шерәлі Үркімбаев.