Ел мұратына жетеміз
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қазақ елін, ел мен жер тағдырын, Астанамыздың гүлденуін, сондай-ақ, жаһандық мәселелер, қоғамның дамуы, шет елдердегі қандастарымыздың тағдыры, ана тіліміз, жастар мен қарияларымыз, имандылық, өнер мен спорт, отбасы жайлы, Мәңгілік Ел мұраты, жалпыұлттық жауапкершілік туралы терең тебіреніп, жүрекжарды ой толғап келеді. Ғасырлар бойы азаттығы үшін алысып, сан шайқасты бастан кешкен бабаларымыздың арман-үміті ақталып, бүгінгі заман зердесіндегі жауапкершілікті одан әрі терең сезіне түсеміз. Біздің тәуелсіздігімізді сол бір қиын-қыстау, “тар жол тайғақ кешуде” Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері де қолдады. Сондықтан да, Президент тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап-ақ елдің ынтымақ-бірлігін көзінің қарашығындай сақтап, тәуелсіз мемлекетіміздің туын тұғырлы етіп, көкке көтеріп, асқақтатып келеді. Өзге ұлттар Ассамблеясы – достықтың отбасына, дос халықтың шаңырағына айналды. Еліміздің саяси өмірі жаңғыртылып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Қазақ елі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық-әлеуметтік қиыншылықтарды еңсере отырып, әлем мойындаған елдер қатарына қосылды. Мемлекеттік шекарамыз айқындалып, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі, мемлекеттің тәуелсіздігі мойындалды. Содан бері Елбасының жанкешті ерен еңбегі арқасында таңқаларлық табыстар мен жемісті жетістіктерге жеттік. 2017 жылдың басынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болды. Биыл Астанада “ЭКСПО-2017” халықаралық көрмесі өтті. Алматыда Универсиада – 2017 спорт ойындары болып, оған екі мыңнан астам шетел спортшылары мен делегация мүшелері қатысты. Осының барлығы Қазақстанның халықаралық аренада жоғары беделге ие болғанын және саясатымыздың дұрыстығын көрсетіп берді. Қазақстан-2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылмақшымыз. Біз осы мақсаттар үшін табандылықпен ілгерілей беретін боламыз. Бұл жерде, Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласын айтпай кетуге болмайды. Әсіресе, Президенттің “Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы” Жарлығы көңілімізді көтеріп тастағаны анық. “Қазақ елі барда, қазақ тілі де өмір сүреді. Өседі. Өркендейді. Ұлтымыздың ұлы тілі – Мәңгілік” – деді, Елбасы. Бұдан артық ешкім айта алмас. Шындығында, елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанда “Мәңгілік Ел ету” Президенттің де, біздің де арманымыз. Әлемдегі ең дамыған елдермен иық тіресіп, Тәуелсіздігіміздің көк Туын желбіретіп, ұлтымыздың рухани жаңғыруы арқасында егеменді еліміздің тұғыры да, ғұмыры да мықты, ұзақ, мәңгі болсын деймін.
Өркен ИСМАИЛ,
халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы Шиелі аудандық филиалының төрағасы.
Өркен ИСМАИЛ,
халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы Шиелі аудандық филиалының төрағасы.