Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨНЕРДІ ӨРГЕ СҮЙРЕГЕН

ӨНЕРДІ ӨРГЕ СҮЙРЕГЕН

Жұма күні мәдениет саласының майталманы Әшімхан Оспановтың 70 жылдығына арналған «Өнер деп келіп, өнер деп кеткен ер едің» атты еске алу кеші өтті.
Шараға әнші-сазгер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Әлмырза Ноғайбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, Нәйлә Палымбет, ҚР мәдениет қайраткері, профессор, халықаралық «Ататүрік» алтын медалінің иегері Өскенбай Тәшенов, Ы.Жақаев атындағы музей директоры Құттықыз Ыханова, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Байкенжеев, мәдениет саласының қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шара барысында ­аудан әкімінің орынбасары Алмат Алдаберген сөз алып, мәдениет саласының майталманы Әшімхан Оспанов жайлы естеліктерін айтып, елге жасаған ерен еңбегіне тоқталды.
– Адамзат баласының ғұмыры қысқа болғанымен, артында өнегелі істер қалдырып, белгілі бір саланы мықты меңгеріп, өзі өмірден өтсе де, еңбегі мен қызметі, айналасындағы адамдарға жасаған жақсылықтары мен жанына жақын тарта білетін жылылығы естен кетпейтін адамдар бар. Сондай келбетімен өмірде есте қалатын тұлғаның бірі Әшімхан Оспанов ағамыз болатын. Әшімхан Орынбасарұлы еңбек жолын 1980 жылы Н.Бекежанов атындағы ауылдық клубтың директоры қызметінен бастап, 10 жыл уақыт бойы ауылдың мәдениет саласын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Кейінгі жылдары Ы.Жақаев, Н.Бекежанов атындағы мұражайларда жауапты қызметтер атқарып, 2008 жылы ауданның ішкі саясат саласының басшысы қызметіне тағайындалды. Бұл қызметті де абыроймен атқарып, 8 жыл бойы­ ­аудан мәдениетінің тізгінін мықтап ұстап, көптеген тағылымды шаралардың жоғарғы деңгейде өтуіне, аудан мәдениетінің бүгінгі биігіне көтерілуі үшін аянбай еңбек етті, – деді.
Өткен ғасырдың жетпіс бесінші жылдары ән әлеміне жарқ етіп шыққан ағайынды әншілер Әлімхан мен Әшімхан Оспановтар облыстық «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің құрамында ән салып, қалың көрерменнің жүрек түкпірінен орын алды. Әшімхан Оспанов облыс мәдениетінде өзіндік орны мен қолтаңбасы бар азамат. Ол аудандық мәдениет саласында 44 жыл қызмет етіп, аудан емес, қараша халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Шара барысында мәдениет саласының майталманы Әшімхан Оспановтың өнердегі әріптестері, аға буын өкілдері жадында қалған естеліктерімен бөлісті. Оның мәдениет саласын өрге сүйрегенін айтып, мақтан тұтса, енді бірі болмысымен ерек, жайдары, жаймашуақ мінезімен менмұндалап, тұлғалық қасиетімен таудай болып көрінетінін жарыса жеткізді.

Д.Байтілес

15 қараша 2023 ж. 146 0