Сүлейлердің сарқыты едің
Нартай Бекежанов ауылдық мәдениет үйі мен Н.Бекежановтың мемориалдық өнер музейі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, ән дүлдүлі – Нартай Бекежановтың мұрасын насихаттаушы, ҚР мәдениет қайраткері, әнші-сазгер, жырау Құрманбек Бекпейісовтің 55 жылдығына орай өткізілген «Сырда қалған Нартайдың сырнайы едің» атты еске алу кеші өнер музейінде өтті.
Ізгінің ізі, көненің көзі, Нартай мұраларын насихаттаушы бір адам болса, ол – жырау, сазгер Құрманбек Бекпейісов. Жыр керуенінің алдында жүретін аяулы аға, ақжүрек азамат жайлы арнайы дайындаған бейне таспаны көріп, толқымаған адам болмады. Құрманбек Бекпейісов 1965 жылдың 10-шы тамызында Шиелі ауданы, Ботабай ауылында дүниеге келген. Құрекең 15 жасынан бала жырау атанып, Сырдың мақам саздары мен жыр термелерін елге насихаттап, Нартай мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізген ерекше дарын иесі. Сондай-ақ 2013 жылдан бастап «Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту» бөліміне қарасты «Нартай» өнер мектебін ашып, оның дамуына, өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосты, көптеген әндердің сөзін де, әнін де өзі жазып, артына мол мұра қалдыра білді. Еске алу кешінде ауыл әкімі Ғалымжан Ыханов, Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Исабек Байкенжеев, өнердегі замандастары Құттықыз Ыханова, Нәйла Палымбет, ауыл ақсақақалдары Құрбан қажы, Абай Баукенұлы естеліктерімен бөлісті.
Шара барысында Рысалды Қалымбетованың жетекшілігімен «Нартай сазы» халықтық-фольклорлық ансамблі Н.Тілендиевтің «Әлқисса», «Ата толғауы» т.б. күйлерін, ансамбль күйшісі Әділбек Тәшимов Секен Тұрысбековтың «Ақ жауын» күйін, Құрманбек Бекпейісовтың «Әнші сезімі» әнін әкесінің ізін жалғастырушы ұлы Мұхамедәлі Бекпейісов орындады.
Нартай өнерін ұрпаққа жеткізуші, ән-жырларын қастерлейтін шәкірттерін дайындайтын қасиетті өнер ошағы – Нартай өнер мектебінің ұстаздары бүгінгі шараға қатысып, өз өнерін көрсетті. Нартай ауылдық мәдениет үйінің директоры Рақымжан Смайлов және Нартай Бекежановтың мемориалдық өнер музейі филиалының меңгерушісі Ғабитбек Кошекбаев келген қонақтарға жылы лебіздерін білдірді. Шара соңында қайталанбас өнер иесі Құрманбек Сейдахметұлына құран бағышталып, ас берілді.
Нұрдәулет Нақыпов,
Нартай Бекежановтың мемориалдық
өнер музейінің қор сақтаушысы