Нартайдың Сырда қалған сырнайы едің

Аталған шараға аудандық оқушылар үйі директорының орынбасары Рахметолла Жолтаев, аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Жас дәурен» халықтық ән-би ансамблінің жетекшісі Нұрлан Сарманов пен «Нартай» өнер мектебінің директоры Мұхамедәлі Бекпейісов, ұстаздары Нұрберген Оспанов, Сәбит Әбжаппаров, Бағдат Тойманов және аудандық оқушылар үйі жанынан Ақмарал Жолдыбаеваның жетекшілігімен құрылған «Жас тілші», Айжан Әбдіжаппарованың жетекшілігімен құрылған «Туристік өлкетану» үйірмесінің оқушылары қатысты. Айта кетейік, еске алу кешін аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Гүлзира Қоңыратбаева ұйымдастырған.
Қатысушылар алдымен жампоз өнер иесін бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан әрі «Нартай» өнер мектебінің мерейін үстем етіп әрі әке жолын қуып, өнерін насихаттап жүрген Құрманбек ағамыздың төл перзенті Мұхамедәлі Бекпейісов пен кеш қонақтары Р.Жолтаев, Н.Сарманов сөз алып, Қ.Бекпейісовтың өмір жолы, шығармашылығы туралы сөз өрбітті. Сонымен қатар жырдан шашу шашылып, оқушылар арнау өлеңдерін оқыды.
Иә, Құрманбек Бекпейісов – ақындығы мен әншілігі қатар берілген Нартай Бекежановтың шығармашылығын орындау арқылы шежірелі Шиелі жерінің ғана емес, тұтас қазақ елінің даңқын әлемге танытқан жан. Сондықтан арда туған азаматты халқы ешқашан ұмытпақ емес.
Фариза КЕНЖЕШОВА