Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Маңғаз мақам иесі

Маңғаз мақам иесі


Боз даланы боздатып әнмен тербеген, халқына қасиетті өнерімен танылған, саналы ғұмырын ­Нартай шығармаларын зерттеп, Сырдың мақам-саздары мен жыр-термелерін насихаттауға арнаған Құрманбек Бекпейіс – қазақ өнерінің тарихына өшпестей із қалдырып кеткен қайталанбас тұлға болатын. Бүгінде жүрегі өнер деп соққан «сегіз қырлы, бір сырлы» азаматтың өмірден өткеніне жылдың жүзі толып отыр.
Осыған орай өткен аптада Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде маңғаз мақам мен сұлу саздың иесін еске алу мақсатында «Нартайдың Сырда қалған сырнайы едің...» атты кеш ұйымдастырылды. Оған сазгердің өнердегі әріптестері, шәкірттері, достары мен аудан тұрғындары қатысты.
Еске алу кеші қайталанбас өнер иесінің шәкірттері Иранғайып Күзенбаев, Мейірбек Сұлтанхан, Ержан Әмірдің ұстаздары жайлы арнау өлеңімен басталды. Одан соң аудандық мәслихат хатшысы Болат Сыздық және облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығының қызметкері, жырау Майра Сәрсенбаева сөз алып, көненің көзіндей болған Қ.Сейдахметұлының болмысы, артында қалған мол мұрасы мен қайталанбас өнері жайлы тарқатты. Шараны ақын, жырау Марат Сүгірбай жүргізіп отырды. Кеш барысында өнерпаздар Құрманбек Бекпейістің «Бір тал сабан», «Ботабайымсың», «Көктем», «Киелі Шиелі» шығармаларын нақышына келтіре орындап, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырғандай болды.
«Жүрген соң бауырында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» дегендей, біртуар азаматтардың көзі тірісінде ел-жұрты қадіріне жетіп, лайықты бағасын бере алмай жататыны өкінішті. Бірақ Құрманбек Бекпейістің өзі болмағанымен көзіндей болған мол мұрасы, дастан-термелері мен әндері ел есінде мәңгілікке сақталары сөзсіз. Қ.Сейдахметұлы Нартай өнер мектебінің алғаш рет негізін қалаған болатын. Бүгінде сол өнер ордасына артында қалған ұлы Мұхамедәлі Бекпейісов жетекшілік жасап, әке жолын жалғап келеді. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болса керек.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
22 қазан 2019 ж. 1 051 0