Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейлі отбасылар марапат төрінде

Мерейлі отбасылар марапат төрінде

Сейсенбі күні «Отбасы – ұлттың ұйытқысы» атты республикалық «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық конкурсының аудандық деңгейіне қатысушы отбасыларды марапаттау шарасы өтті.
Мерекелік шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Алдабергенов отбасы құндылықтарына тоқталды.
– Қазақ үшін отбасынан киелі ештеңе жоқ. Отбасы – адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде, есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ержететін, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына ерекше ықылас танытуының арқасында, елімізде отбасы ұғымын дәріптейтін түрлі игі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Солардың бірі республикада дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының өткізілуі. Аталған байқау арқылы халқымыздың талай өнегелі де мерейлі отбасылары марапатталып, мәртебе биігінен көрініп келеді, – деді.
Жыл сайын өткізелетін сайыс әрқашан абыройлы деңгейде жүргізіліп келеді. Мәселен, 2016 жылы Ноғайбаевтар отбасы облыстық деңгейде, 2017 жылы Исламхановтар отбасы республикалық деңгейде, 2018 жылы Ишанқұловтар отбасы республикалық деңгейде жүлдегер атанып, Мемлекет басшысының атынан Ишанқұловтар отбасына «Нива-Шевролет» көлігінің кілті табысталған болатын.
2021 жылы Әбілдашевтар отбасы «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсының республикалық кезеңінде бас жүлдеге ие болып, лауреат атанса, былтыр Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм Сәрсенбек Байжанов ақсақалдың берекелі әулеті облыста үздік атанып, кейіннен байқаудың республикалық кезеңінде лауреат атанды.
Ал биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының он жыл толуына орай ауданнан 32 отбасы қатысып, облысқа екі отбасының құжаттары ұсынылды. Нәтижесінде, Жахаев ауылынан Асановтар отбасы 3 орынды иеленсе, Жөлек ауылынан Мыңбаевтар отбасы «Өнегелі отбасы» номинациясын иеленді.
Сондай-ақ, шарада үлгілі ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырғаны үшін 13 отбасы атаулы номинацияларға ие болды. Атап айтсақ, Досбол би ауылынан Ділмановтар «Шығармашыл отбасы» атанса, алмалылық Усмановтар «Зейінді отбасы» номинациясын иеленді. Ал бидайкөлдік Бегмановтар «Парасатты отбасы», Бекентаевтар «Белсенді отбасы» атанды. Сондай-ақ, Байсындағы Әбдімомыновтар әулеті «Үлгілі отбасы» , Жансейітте тұратын Ташматовтар «Еңбекқор отбасы»,қарғалылық Самидиновтар «Өнерлі отбасы» номинациясын алды.
Қарғалы ауылынан Егеновтар «Өнегелі отбасы», ал кент тұрғындары Жұмановтар «Тәрбиелі отбасы», Ибраймовтар «Ұлағатты отбасы», Қалиевтар «Қамқоршы отбасы», Дайрабаевтар «Мейірімді отбасы» номинация­сымен марапатталды.
Отбасылық конкурста 3-орынды нартайлық Рақышевтар және Байсын ауылынан Палмағанбетовтар отбасы алса, 2-орынды тартоғайлық Шәмшиевтер отбасы иеленсе, ал 1-орынды Жөлек ауылынан Балғабаевтар отбасы жеңіп алды.
Мерекелік шараға бір шаңырақ астында 50-60 жыл ғұмыр кешкен, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай берекелі отбасылар қатысты. «Алтын той алға жетелей берсін» деген ниетпен алтын той иелерін де марапаттау рәсімі болды. Осылайша Қалдыбековтер, Абдужалиловтер Жұмабековтар отбасы да марапат мінберінен көрінді.
Әрмен қарай, мерекелік шара өнерпаздар орындауындағы әсем ән мен биге ұласты. Расында отбасы – сыйластық пен татулықтың ортасы. Өнегелі отбасы елдіктің тұтқасы десек,сыйластығы мен бірлігі жарасқан шаңырақты кең көлемде насихаттау арқылы, керегесі кең, терезесі тең отбасылардың қатарын арттыра түсеріміз анық.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
18 қыркүйек 2023 ж. 155 0