Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмір жолы – өнеге

Өмір жолы – өнеге

Хакім Абайдың: «Адамның адамшылығы – жақсы ата-анадан, жақсы ұстаздан, жақсы құрбыдан болады» деген мәңгілік өлшемі бар. Бұл – уақыт сынынан өткен, әр дәуірде өз шындығын дәлелдеп келе жатқан ұлы қағида. Осындай асыл қасиеттер бір адамның ­бойынан тұтас табылып жатса, ол – ел үшін олжа, ұрпақ үшін өнеге. Сол өнегелі ғұмыр иелерінің бірі, саналы ғұмырын білім мен елдікке арнаған ардақты азамат – Сейілбек Кемелұлы.
Өмір – бұралаңы көп даңғыл. Бұл жолда кімдермен ұшыраспайсың?! Кейбірінің атағы алысқа кетсе де, артында ізі қалмайды. Ал кейбір жандар болады – дабырасыз, атақ қумай-ақ, еліне елеулі еңбек сіңіреді. Сейілбек Кемелұлы – дәл сондай сирек болмыстың иесі. Оның ғұмыры – ұстаздықтың, азаматтықтың, адал қызметтің айнасы.
1938 жылдың 16 наурызында Қызылорда облысы, Сырдария ауданындағы №2 ауылда, «Құм шығанақ» колхозында дүниеге келген ол текті топырақтың, тағылымды ортаның тәрбиесін көріп өсті. Әкесі Кемел Аманжолов – сауатты, елге сыйлы азамат еді. Алайда сұрапыл соғыс оны ерте жұлып әкетті. Анасы да тылда еңбек етіп жүріп, жастай көз жұмды. Бір сөзбен айтқанда, тағдыр оған еркелік танытпады. Соғыс жалмаған әке, ауыр еңбек үстінде үзілген ана... Бірақ сол қиындықтың өзі кейіпкеріміздің бойына жігер мен табандылық дарытты. 1 Май жанындағы интернатта тәрбиеленіп, мемлекет қамқорлығын көрген бозбала ерте есейді. Білімге құштарлығы, алғырлығы арқасында Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетін үздік тәмамдады. Бұл – сол кезеңдегі кез келген жастың қолы жете бермейтін үлкен жетістік еді.
Жас маман ел сенімін арқалап, тың өлкеге аттанды. Целиноград облысы, Қорғалжын ауданындағы Сабынды орыс-қазақ мектебінде ұстаздық қызметін бастап, педагог кадр тапшы кезеңде бар күш-жігерін жас ұрпақ тәрбиесіне жұмсады. Ұстаз үшін бұдан асқан миссия бар ма?!
Елге оралған соң да оның еңбек жолы бір арнаға тоғыспады. Мұғалім, мектеп директорының орынбасары, ­инспектор, мектеп директоры, әдістемелік кабинет меңгерушісі, аудандық кеңестің ­жауапты қызметкері, партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі… Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің еңбек шежіресі. Қай қызметте жүрсе де, Сейілбек Аманжоловқа тән қасиет – жауапкершілік, әділдік, адамгершілік болатын.
Ұстаздың шын бағасы – оның шәкірттері. Осы тұрғыдан келгенде, Сейілбек Кемелұлының еңбегі еселеніп қайтты деуге толық негіз бар. Оның тәлімін көрген шәкірттер бүгінгі таңда қоғамның сан саласын бағындырып, барша елінің, қоғамның мақтанышына айналды. Олар: Әшім Оразбекұлы, Қабілеш Бекішов, Аманкелді Сәдібеков, Әділхан Ақылбеков, Шамшат Оразымбетова, Дәулет Барғанаев. Айта берсек, бұл тізім толассыз жалғаса береді.
Еткен еңбегі еленбей қалған жоқ. Құрмет грамоталары, мерекелік медальдар, «Еңбек ардагері» атағы, облыс әкімінің Алғыс хаты, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағы – мұның бәрі маңдай термен келген әділ баға.
Бүгінде 88 жастың асқарына шыққан Сейілбек Кемелұлы – бір әулеттің ғана емес, тұтас бір өңірдің ақылман қариясы. Ол ел тағдырына бейжай қарамайды. Өткенге ой жүгіртіп, бүгінге шүкіршілік етіп, ертеңге тілек тілейді. Міне, осындай азаматтар барда елдің еңсесі биік, рухы асқақ. Елге елеулі ел ағалары деген ұғым – Сейілбек Аманжоловтай тұлғаларға айтылған. Өнегелі өмір – өлмейтін мұра. Ал мұндай мұра – ұрпаққа аманат.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
09 ақпан 2026 ж. 28 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№10 (9377)

07 ақпан 2026 ж.

№9 (9376)

03 ақпан 2026 ж.

№8 (9375)

31 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728