СЕЙІЛБЕК САЛҒАН САРА ЖОЛ
Хакім Абай «Адамның адамшылығы жақсы ата-анадан, жақсы ұстаздан, жақсы құрбыдан болады» деп айтып кеткені әмбеге аян. Осындай жақсы қасиет, кемелдіктің ізі табылып жатса – сүйініш. Жарасып тұрса – мақтаныш. Біз білетін ардақты жан – Сейілбек Аманжоловтың тұла бойы да дәл осынау жақсы қасиетке толы. Бүгін мінекей, қолыма қалам алып, көңіл пернесін баса отырып, толқыта толғанып, шалқыта жазудың сәті түсіп отыр.
Кешегі ақтаңгер жігіт, бүгінгі атанжілік азамат ниетінің құтханасы – жүрек болса, ақылының құтханасы – бас болып, басып өткен өмір жолында өнегемен өрілген. Мына бұралаңы көп өмір жолында көп адамды жолықтырасың. Кейбірінің өзін көріп, ғұмырнамасын ақтара бастасаң, іліп алар түгі жоқ. Атағы аспандап тұрса да, елі мен жеріне, халқына жасаған жақсылығы ауыз толтырып айтарлықтай жоқ болып шығады. Ал Сейілбек Кемелұлы туралы сөз басқа. Есте қалар естелігі мол өткен күндерге шегініс жасасақ, тілге тиек етер айшықты, ғибратты еңбек жолы ұстаз деген Ұлы есімнің маңызын аша түседі.
Кешегі ақтаңгер жігіт, бүгінгі атанжілік азамат ниетінің құтханасы – жүрек болса, ақылының құтханасы – бас болып, басып өткен өмір жолында өнегемен өрілген. Мына бұралаңы көп өмір жолында көп адамды жолықтырасың. Кейбірінің өзін көріп, ғұмырнамасын ақтара бастасаң, іліп алар түгі жоқ. Атағы аспандап тұрса да, елі мен жеріне, халқына жасаған жақсылығы ауыз толтырып айтарлықтай жоқ болып шығады. Ал Сейілбек Кемелұлы туралы сөз басқа. Есте қалар естелігі мол өткен күндерге шегініс жасасақ, тілге тиек етер айшықты, ғибратты еңбек жолы ұстаз деген Ұлы есімнің маңызын аша түседі.
1938 жылы 16 наурызда Қызылорда облысы, Сырдария ауданындағы №2 ауылда құрылған «Құм шығанақ» колхозында дүние-жарыққа келген. Тау қарап өсіп, тарамдалып аққан бұлақтан нәр алып, текті жерден жаралған тебінгілі әулеттің данагөйлерінің алдын көріп, ер жетті. Аталған ауылдағы білім ұясын тәмамдаған соң, Шиелі ауданындағы Ақтоған жеті жылдық мектебін үздікке бітіреді. Кейін 1953 жылы Қызылорда қаласындағы №1 Май ер балалар мектебінің 8-сыныбына қабылданып, оны 1956 жылы аяқтайды. Әкесі – Кемел Аманжолов сауатты адам болған. 1942 жылы наурыз айында Ұлы Отан соғысына аттанып, сол жылдың күзінде Калинин майданы әскерлерінің қатарында қан майданда қаза тапқан. Шешесі ауыл-аймақ ерекше құрметтейтін, жұртына сыйлы, еңбек адамы болған. Ол тылда еңбек етіп жүріп, жастай дүниеден озған. Сол себепті Сейілбек Кемелұлы 1 Май мектебі жанындағы интернатта мемлекет есебінен жатын орынмен, тамақпен және киім-кешекпен қамтамасыз етілген.
Асқар тау әкесі мен асыл анасының тәлім-тәрбиесін аз көрсе де, еш мойымай, қаршадайынан елгезек, алғыр, білім мен ғылымға құштар болып өсті. 1956 жылы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының «физика-математика» факультетіне оқуға түсіп, оны «үздік» дипломмен бітіріп шығады. Сол жылдары Қазақстанда тың, Батыс және Оңтүстік Қазақстан өлкелері құрылған-ды. Тың өлкесінде педагог кадрлардың тапшылығына байланысты Өлкелік халық ағарту басқармасының шақыруына үн қосып, Қазақ ССР жоғары және орта арнаулы білім министрлігінің жолдамасымен аталған өлкенің Целиноград облысы, Қорғалжын ауданындағы Сабынды орыс-қазақ мектебіне жұмысқа орналасқан.
1963 жылы елге оралып, Шиелі ауданындағы «Гигант» сегіз жылдық мектебінде мұғалім, 1964-1966 жылдары №184 «Жеміс-жидек» сегіз жылдық мектебі директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарады. 1967 жылы Шиелі аудандық оқу бөлімінің инспекторы қызметін, дәл осы жылы күзде еңбекшілер депутаттары аудандық кеңесі атқару комитеті ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің меңгерушісі лауазымына сайланады. Сөйтіп аудан кеңесі атқару комитетінің жұмысында тәжірибе жинақтап, өзінің біліктілігін арттыра түсуге мүмкіндік алады.
1973 жылдан бастап, 1979 жылдың күзіне дейін №46 А.С.Пушкин атындағы орыс орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, аудандық халық ағарту бөлімінде методикалық кабинет меңгерушісі, №157 Алғабас орта мектебінде директор қызметін атқарып, сол жылдың күзінде халық депутаттары аудандық кеңесінің жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметіне тағайындалады. 1979-1981 жылдар аралығында ауданның экономикалық және дамуының жоспарларын жасаумен және олардың орындалуын бақылау жұмыстарымен жіті айналысады. 1981 жылдың қарашасында Қазақстан Компартиясы Шиелі аудандық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болып, 3 жылдан кейін 1985 жылдың қаңтарында ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, аудандық партия комитетінің мүшелігіне сайланады. Осы аталған қызметті Компартия биліктен кетіп, Совет Одағы тарағанға дейін атқарып, 1995 жылы облыстық дәрежедегі дербес еңбек демалысына шығады.
Ұстаз салған сара жолмен жүріп, ұстаз көрсеткен бағытпен қияға қанат қағатын шәкірттер өз биіктеріне көтеріліп, қоғамнан орын алып, елі мен жерін көркейту жолында еңбек етеді. Құрмет пен қошеметке лайық ұлағатты ұстаз Сейілбек Кемелұлының шәкірттері де қоғамның сан саласын бағындырып, барша елінің, қоғамның мақтанышына айналды. Олар: Әшім Оразбекұлы, Қабілеш Бекішов, Аманкелді Сәдібеков, Әділхан Ақылбеков, Шамшат Оразымбетова, Дәулет Барғанаев. Айта берсек, бұл тізім толассыз жалғаса береді.
Өз саласының жілігін шағып, майын ішкен кәсіби маман өскелең ұрпақтың қамы үшін күш жігерін аяған жоқ. Еткен еңбегі, төккен тері ескеріліп, Қазақстан Компартиясы облыстық комитеті мен халық депутаттары облыстық комитетінің «Құрмет грамотасымен», В.И.Лениннің туғанына 100 жылдығына орай «Ерен еңбегі» мерекелік медалін, «Еңбек ардагері», Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 және 75 жылдық төсбелгілерін кеудесіне тақты. Сонымен қатар 2018 жылы 80 жасқа толу құрметіне сол кездегі облыс әкімі Қ.Көшербаевтың «Құрмет грамотасымен» марапатталып, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атанды.
Ұстаздық атты ұлағатты жолдың саумалына сусындаған Сейілбек Кемелұлы бүгінде 85-ке толып отыр. Бүгінде Айымхан жеңге екеуінен өрген ұл-қыздары мен отызға жуық немересі, жиырмаға жуық шөбересінің қызығын көріп отыр.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ