ІІ дүниежүзілік соғыс жауынгерінің бейітін туыстары Германиядан тапты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанайлық отбасы аталарының нақты жерленген жерін анықтаған, деп жазды «Хабар 24».
Сейілбек Битанов есімді азамат 20 жасқа толмаған шағында майданға аттанып, Еуропа қалаларын алу кезінде ерекше ерлік көрсетіпті. Соғыстың соңына дейін жетіп, Берлин үшін шайқасады. Бірақ жат жерде оққа ұшады. Арада бірнеше ондаған жылдар өткен соң туыстары батырдың қабірін тауып, Берлинге барды. Қостанайдан Берлинге дейін Фатима Жүсіпова інісімен бірге келген. Битановтар жанұясы осы күнді асыға күткендерін айтады. Себебі соғыс кезінде қаза тапқан ағалары Сейілбек Битанов неміс жеріне жерленген. Шёнхольцер Хайдедегі бауырластар зиратында жатыр.
«Мемориалды тақтада ағамның атын көргенімде, кеудемді бір ерекше сезім кернеді. Ол ел үшін соғысып шейіт болды. Осылайша нағыз батырдың, патриоттың ең бастысы қазақ жігітінің ерлігін танытты», - деді Сейілбек Битановтың туысы Фатима Жүсіпова.
Сейілбек Битанов майданға 19 жасында аттанған. Қатардағы жауынгерден аға лейтенантқа дейін көтеріледі. Ер есімі ұмытылмайды. Туыстары оның атын мақтан тұтады.
«Еуропа қалаларын алғанында командирі ерекше ілтипатын білдірген. Ағамыз үйге жіберген хатында «Мен міндетті түрде Жеңіспен ораламын» депті. Бірақ оның қазасы барлығының жанына батты. Тағдыр ғой», - деп атап өтті Фатима Жүсіпова.
Батыр Берлин үшін шайқаста көшеде жарақаттанған. Жеңіске бес күн қалғанда ерлікпен көз жұмған. Балаларының неміс даласында қаза тапқанын естіген ата-анасы жылдар бойы қазақ жерінен топырақ алып, бейітіне келуді көздепті. Дегенмен арада тек 74 жыл өткесін ғана туыстары Сейілбек Битановтың қабіріне жетіп отыр.
«Атамды еске алып келдік. Ерлігін ұмытпаймыз. Менің анам осы жерге келуді армандады. Бейітін тапқысы келді. Сейілбек атам мен үшін батыр», - деді жауынгердің туысы Ерболат Оспанов.
Германияда мұндай мемориалдың жүздегені бар. Жергілікті халық бейіттерге ерекше қарайды. Күтім жасайды. Ал Жеңіс күнін тарихтағы жаңа дәуірдің басталуы деп есептейді.