Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КИЕВТЕН КЕЛГЕН ХАБАР

КИЕВТЕН КЕЛГЕН ХАБАР


Украина астанасы Киев қаласының Святошино ауданында бауырластар зиратында жерленген қазақ жауынгерінің жатқан жері анықталды.
Санкт-Петербор қаласында тұра­тын ерікті іздеуші Михаил Коротков жақында қорымда жатқан сарбаз­дардың аты-жөнін орнату барысында тізімде ақмолалық боздақтың бар екенін көзі шалады. Алайда көрсе­тілген мекенжай бойынша іздестіру жұмыстарын жүргізгенімен, еш нә­тиже болмапты. Бұрынғы атауы өз­гертілген ауданды Қазақстан айма­ғынан таба алмағанын айтады.
Зиратты күтіп-баптаушы азаматтар Қазақстанның Украинадағы елшілігі арқылы көмек сұрауды ойластырып отырған көрінеді. Бірақ ондағы қыз­меткерлердің мемлекеттік жұмыстан қолдары тие бермейтіндіктен, қо­сымша бізге де хабарласуды жөн санапты.
Қаза тапқандар тізімінде 1920 жылы туған азамат Чавальди Меидан деп көрсетілген. Туған жері – Ақмола облысы Петенский ауданы Кедоба селосы. Қобда болуы да мүмкін. Пе­тенский әскери коммисариатынан аттанып, 163 атқыштар дивизиясында соғысқан. 1943 жылы 6 қарашада оққа ұшып, Киев облысы Киев қаласы маңындағы Святошино елдімекеніне жерленген.
Ерікті іздеуші мұрағат деректерінде әріптік қателердің жиі кездесетінін ескере отырып, ұқсас есімдер мен жер атауларына назар аударуымызды сұрайды. Сондай-ақ егер марқұмның туыстары табылып жатса, хабарласуын және зират басына ескерткіш тақта орнатуын өтінеді.
Михаил Коротков Оңтүстік Қазақ­стан облысы Жамбыл және Орал өңі­рінен ұрыс даласына аттанып, Ресей­дің Новгород облысы Марево ауданы Ку­ше­лово маңайында шайқасқан бірнеше қазақстандық жауынгердің де туыста­рымен байланыса алмаған. Мәселен, Әбдиев Дулат (тізімде көр­сетілгені бойынша Абдыюп Дувлат) 1899 жылы Жамбыл облысы Көктерек ауданында дүниеге келген. Жамбыл облысы Шу ауданынан әскер қатарына алынған. 1943 жылы 28 қаңтарда қай­тыс болған. Игілов (Кубергаит) Орал облысы Қара­төбе ауданынан. 1904 жылы өмір есігін ашып, 1943 жылы 14 ақпанда көз жұм­ған. Тамашев Мұса­бек, Теміров Қабыл – (Кабул) қазіргі Оңтүстік Қа­зақ­стан облысының Мақ­та­рал ауда­нынан, Ша­матов Диқанбай (Дикамба), Маймақов, есімі Қазыкелді болса керек (Казыельде), Бостандық ау­данынан, Тұрсынов Шағлы (Шаглы), Өтеев Қияқбай Шаян ауда­нынан ша­қырылған. Созақ ауданынан Батыр­беков Құрқан, (Нұрқан болуы тиіс), Таймақов (мүмкін Тайманов) Омар (Амар), Бекбаев Абдулла бар. Бауыр­ластар зиратына қарайтын Марево ауданы, Молвотицы селосы­ның әкім­шілігі мен ерікті іздестіру­шілер отряды жоғарыдағы жауынгер­лердің ұрпақтары үн қатады деген үмітте.
 
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
12 мамыр 2018 ж. 1 198 0