Тілім – тұғырым, татулығымның белгісі
Тіл – жүректен шыққан сөзді жүрекке жеткізетін қасиетті көпір. Ол – ұлттың үнін ғасырдан ғасырға жеткізетін рухани мұра, халықтың өткені мен бүгінін жалғап, болашағына жол ашатын құндылық. Ана тілін ардақтау – өз тарихыңды, өз болмысыңды, өз еліңді құрметтеу. Ал әр тілге құрметпен қарау – татулықты тұғырлы етудің бір жолы.Осындай тағылымды ойды арқау еткен «Тілім – тұғырым, татулығымның белгісі» атты танымдық кеш 5 қыркүйек – Қазақстан халқының Тілдері күніне орай Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылды.
Мерекелік шараға тіл жанашырлары, ардагер ұстаздар, білім саласының өкілдері, кітапхана және мәдениет қызметкерлері, оқушылар мен аудан тұрғындары қатысты. Мәдениет үйінің сахнасы кеш тақырыбына сай безендіріліп, LED экраннан «Тілім – тұғырым, татулығымның белгісі» деген тағылымды сөз көрініс тапты. Фойеде тіл мен әдебиетті, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын кітап көрмесі өтті.
Кеш шымылдығы №47 Ломоносов атындағы мектеп-лицейі оқушыларының тіл туралы әдеби монтажымен ашылды. Жас ұрпақтың жүрекжарды жырлары ана тілдің қадірін ұғындырып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Шараның ашылуында Шиелі ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жантас Қасымов сөз сөйлеп, көпшілікті мерекемен құттықтады.
– Тіл – халықтың жадын сақтайтын, ұрпақты ұрпаққа жалғайтын рухани алтын көпір. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – белгілі бір мекеменің немесе жекелеген азаматтардың ғана міндеті емес, бұл – ел болып атсалысатын ортақ іс. Өз ана тілімізді ардақтай отырып, еліміздегі барлық этнос өкілдерінің тілдеріне құрметпен қарау – татулықтың тамырына нәр беретін ізгі ұстаным, – деді.
Кеш барысында тіл мәртебесін көтеруге және мәдени шараларға белсене қатысып жүрген азаматтарға құрмет көрсетіліп, марапаттау рәсімі өтті.
Атап айтқанда, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының Шиелі ауданы бойынша өкілі Сағындық Сұлтан, тіл жанашыры, ардагер-ұстаз Рауза Байсалбайқызы, №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Гүлназ Достиярова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар Әбдрахманова, №47 Ломоносов атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салиха Төлегенова, №252 Г.Н.Ковтунов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Александр Тен, Орталық кітапхана қызметкерлері Мақпал Тукубаева мен Әсем Рахымбекова, Б.Қабылұлы атындағы мәдени-шығармашылық орталығының техник маманы Бағлан Қыдыров, №47 Ломоносов атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бақыт Сымбат және «Өскен өңір» газетінің тілшісі Айнұр Мақсұтқызы марапатталды.
Марапат иелеріне алғыс айтылып, естелік суретке түсу рәсімі ұйымдастырылды. Тіл жанашырларының еңбегін елеп, құрмет көрсету – жас ұрпаққа да үлкен өнеге.
Мерекелік кештің мазмұнын өнерпаздардың орындауындағы патриоттық әндер толықтырды. Ауданда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту бағытында еңбек етіп жүрген «Қазақ тілі» қоғамы Қызылорда облысы Шиелі ауданы бойынша қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағындық Сұлтанға және «Кызылординский вестий» газетінің Жаңақорған, Шиелі аудандары бойынша меншікті тілшісі Мақсұт Ибрашевке сөз беріліп, тіл төңірегіндегі өзекті мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ой-пікірлер ортаға салынды.
Танымдық кеште №47 Ломоносов атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бақыт Сымбат тілдің ұлт өміріндегі орны туралы баяндама жасады. Келесі кезекте №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар Әбдрахманова баяндама жасап, мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолданысын арттырудың маңызына тоқталды.
Кеш соңында жүргізуші тіл жанашырлары мен қонақтарға алғысын білдіріп, тағылымды шараны қорытындылады.
Айнұр ИБРАШЕВА







