ТІЛІМ МЕНІҢ – ТІРЛІГІМНІҢ АЙҒАҒЫ
Орталық кітапханада Қазақстан халқы тілдері күні және Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай дөңгелек үстел өтті.
«Тілім менің – тірлігімнің айғағы» тақырыбында өткен танымдық жиынға тіл жанашырлары, ақпарат саласының үздігі Н.Елтай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил, аудан әкімінің орынбасары А.Алдабергенов, әйелдер кеңесінің төрайымы Н.Палымбет, «Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің Шиелі ауданы бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы Ж.Инаятханұлы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қ.Бекішев, ақсақалдар кеңесінің төрағасы И.Байкенжеев, билер кеңесінің төрағасы Т.Баймағамбетов, «Өскен өңір» газетінің тілшісі С.Мадиярова, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ә.Тәжиева, «Өнеге» мектебінің негізін қалаушы, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі М.Әбдіхамитұлы, білім беру ұйымдарының қазақ тілі пәнінің ұстаздары қатысты.
Алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Алмат Алдабергенов жиналған қауымды мерекемен құттықтай келе, халқымыздың баға жетпес асыл қазынасы, ұлы мұрасы – туған тілімізді қадірлеп- қастерлеу әрбір саналы азаматтың асыл парызы әрі басты міндеті екенін айтты. «Тілдің тағдыры – елдің тағдыры, тілдің тұғыры – ұлттың ғұмыры. Сондықтан тілімізге деген құрмет пен ұлтымызға деген сүйіспеншілікті өзімізден бастау керек» деген өрелі ойын жеткізді.
Әрмен қарай қатысушылар халқымыздың аса бай рухани қазынасы – туған тіліміз жайында сөз қозғап, орамды ойларын ортаға салды. Жаңа оқу жылымен тұспа-тұс келетін мерекеде мектеп оқушылары тіл туралы өлеңдерді мәнерлеп жатқа оқыса, кітапхана қызметкерлері «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты кітап көрмесін көпшілік назарына ұсынды. Бұл күнгі ұйымдастырылған іс-шара өзінің терең мазмұнымен есте қаларлықтай болды.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ