Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ChatGPT жұмысымызды тартып ала ма, әлде жеңілдете ме?

ChatGPT жұмысымызды тартып ала ма, әлде жеңілдете ме?

Табысы жоғары елдерде әрбір үшінші жұмыс орны, ал табысы төмен елдерде әрбір оныншы жұмыс орны генеративті жасанды интеллекттің белгілі бір дәрежедегі ықпалына ұшырауы мүмкін. Халықаралық еңбек ұйымының аға зерттеушісі өз еңбегінде осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазір жасанды интеллект адам өмірінің көптеген саласына еніп, күнделікті тіршілігіміздің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Соның ішінде ChatGPT сияқты технологиялар білім беру, медицина, бизнес, журналистика және басқа да салаларда кеңінен қолданылып жатыр. Осыған байланысты қоғамда «ChatGPT адамдардың жұмысын тартып ала ма, әлде керісінше, еңбегін жеңілдете ме?» деген маңызды сұрақ туындайды.
Жасанды интеллекттің дамуы адамдарды алаңдатпай қоймайды. Өйткені технология адам бұрын бірнеше сағат жұмсайтын кейбір жұмысты санаулы минуттарда орындайды. Мамандар кейбір мамандықтарға сұраныс азайып, жұмыс орындары қысқаруы ықтимал екенін айтады. Әсіресе қайталанатын, белгілі бір ережелерге негізделген міндеттер автоматтандырылады.
Google компаниясының агенті Нұржол Табиғат ChatGPT кейбір мамандардың орнын басқанымен, уақыт өте келе жаңа мамандықтар пайда болатынын айтады.


«Бұрын адамдар жерді күрекпен қазатын, кейін экскаваторлар пайда болды. Соның арқасында бір адам бұрын ондаған адам атқаратын жұмысты орындай алатын болды. ChatGPT де дәл осындай өзгеріс әкеліп жатыр. Бірақ бір айырмашылығы бар. Экскаватор физикалық еңбекті жеңілдетсе, жасанды интеллект ой еңбегін де автоматтандырады. Сондықтан кейбір жұмыс орындары қысқаруы мүмкін. Есесіне жаңа мамандықтар пайда болады. Жасанды интеллектті тиімді пайдаланатын маман аз уақытта көбірек нәтиже көрсете алады. Болашақта басты мәселе ЖИ адамның жұмысын тартып ала ма дегенде емес, оны меңгерген мамандардың еңбек нарығында қандай артықшылыққа ие болатынына мән беру керек», дейді Нұржол Табиғат.
Расында алдағы уақытта жасанды интеллектпен жұмыс істей алатын мамандардың мүмкіндігі арта түседі. Технологиядан қорқып, одан бас тартқаннан гөрі, оны дұрыс қолдануды үйрену әлдеқайда тиімді.
Халықаралық еңбек ұйымы жасанды интеллекттің жұмыс өнімділігіне, қызметкерлердің міндеттеріне және еңбек жағдайларына әсерін талдай отырып зерттеу жүргізді. Мамандар өнімділіктің артуы байқалғанымен, оның нәтижелері барлық салада бірдей емес екенін атап өтті.
Ұйымның аға зерттеушісі Павел Гмырек генеративті жасанды интеллекттің еңбек нарығы мен мамандықтарға әсер етуінің негізгі үрдістері туралы айтады.
«Жаһандық деңгейде әрбір төртінші жұмыс орны (24%) генеративті жасанды интеллекттің белгілі бір дәрежедегі ықпалына ұшырауы мүмкін. Бұл көрсеткіш елдердің табыс деңгейіне қарай айтарлықтай өзгереді. Табысы жоғары елдерде әрбір үшінші жұмыс орны, ал табысы төмен елдерде әрбір оныншы жұмыс орны осындай ықпалға ұшырайды», деп жазды ол.
Павел Гмыректің зерттеуіне сәйкес, генеративті жасанды интеллекттің еңбек нарығына әсері әйелдер мен ерлер арасында әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, табысы жоғары елдерде автоматтандыру әлеуеті ең жоғары мамандықтарда жұмыс істейтін әйелдердің үлесі шамамен 10% болса, ерлер арасында бұл көрсеткіш 3,5%-ға тең. Мұның бір себебі – әйелдердің кеңсе қызметі, хатшылық және әкімшілік жұмыс сияқты жасанды интеллект автоматтандыруы мүмкін міндеттері көп салаларда жиі еңбек етуі.
«2023 жылдан бері бұл көрсеткіш әйелдер арасында 7,8%-дан 10%-ға, ал ерлер арасында 2,9%-дан 3,5%-ға өскен. Алайда бұл әйелдер мен ерлердің осындай үлесі міндетті түрде жұмыссыз қалады дегенді білдірмейді. Керісінше, олардың атқаратын міндеттерінің бір бөлігін жасанды интеллект орындауы мүмкін екенін көрсетеді. Сондықтан негізгі мәселе – жұмыс орындарының түгел жойылуы емес, еңбек міндеттерінің өзгеруі және адамдардың жаңа технологияларға бейімделуі», делінген зерттеушінің еңбегінде.
Бір ескеретіні, ChatGPT істі мінсіз атқармайды. Ол кейде қате ақпарат беруі немесе мәселенің мәнін толық түсінбеуі мүмкін. Сонымен қатар ол адамға тән шығармашылық, эмоциялық түсінік, жауапкершілік және өмірлік тәжірибе сияқты қасиеттерді толық алмастыра алмайды.
16 қазан 2026 ж. 33 0