Топ-баннер
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МИМЕН ЕМЕС, ЖИ-МЕН ОЙЛАНАТЫН ЗАМАН БА?

МИМЕН ЕМЕС, ЖИ-МЕН ОЙЛАНАТЫН ЗАМАН БА?

Қазіргі таңда біз «ақпарат құсы» сияқты жылдам хабар алғызатын интернет, ұшқандай қарыштап дамыған цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект (ЖИ) ғасырға қадам бастық. Жасанды зердені еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қолданады. Соңғы жылдары оқушылар арасында әсіресе «ChatGPT» сияқты чат-боттардың беделі артып, олар мектеп тапсырмасының сенімді көмекшісіне айналды. Тапсырманы өз бетінше орындаудан гөрі, дайын жауапты алуға үйренген балалар көбейіп кетті. Ақылды құрылғының «дайын асқа қасықпен қол жеткізуге» үйрететінін көрген ата-аналар мен ұстаздардың алаңдауы заңды.
Жуырда танысымның үйіне барғанда қызықты бір көрініске куә болдық. Үйдегі балалар телефонға жабысып, алған ақпараттарын дәптерлеріне көшіріп жазып отыр екен. Бірер минуттан соң олар «үй тапсырмасын орындадық, енді ойнауға бола ма?» деп сұрады. Балалар үй тапсырмасын өз бетінше орындағанымен, кітапханаға бармайды, кітап оқу дәстүрі мен зерттеушілік әрекеттен алшақ. Бұрын күндіз-түні кітапты парақтап, білімге құмар болған ұрпақ қазір қысқа мерзімде қажетті ақпаратты нейрожелілер арқылы алады. «ChatGPT» іске қосылғаннан бері студенттер мен оқушылардың көпшілігі үй тапсырмасын жылдам орындауға бейім болды. Соның салдарынан әр үйде жасанды интеллектке қарсы «соғыс» жүріп жатыр деуге болады.
Таяқтың екі ұшы бар дегендей, жасанды зерде де пайдалы және зиян тұстарымен бірге келеді. ЖИ оқу материалдарын жинақтап, әр баланың қабілеті мен жетістігін талдауға көмектесе алады. Жас маман немесе білімгер өзі таңдаған пәнді терең зерттеу үшін ЖИ-ді тиімді пайдалана алады. Алайда, тапсырманы интернеттен көшіріп, оны сараламай қолдану – зиянның белгісі. Өкініштісі, кейбір оқушылар тек зиянды жағына әуес. Мұны ұстаздар жиі ескертіп, дабыл қағып жүр.
№47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Эльмира Смайлова бұл мәселені былай түсіндіреді:
– Қазіргі таңда білім беру саласына жасанды интеллект кеңінен енгізілуде. ЖИ оқушының шығармашылық тапсырмаларды орындауына кері әсерін тигізеді. Көп оқушы ойлануға, ізденуге, зерттеуге уақыт жұмсамайды. Бұл логикалық және сыни ойлаудың дамуына кедергі келтіреді. Эссе, өлең, әңгіме сияқты шығармашылық жұмыстарды ЖИ берген ақпаратты зерделемей көшіріп келетіндер де бар. Дегенмен, жасанды интеллект заман талабы. Оны тек дұрыс, тиімді, шектеулі жағдайда пайдалану қажет.
Шын мәнінде, жасанды интеллект – тіл үйренуге, ғылымға терең бойлауға, өзіңді дамытуға арналған құрал. Нейрожелінің берген ақпаратын имандай қабылдап, көшіріп жазу – оқушыны жалқаулыққа үйретеді, жауапкершілікті сезінбейтін тұлға қалыптастырады. Сол себепті жасанды интеллекттің рөлін, мүмкіндіктерін және қолдану жолдарын оқушыларға нақты түсіндіру – бүгінгі міндет. Әйтпесе, мектепте үй тапсырмасын, жоғары оқу орнында реферат пен дипломдық жұмысын көшіріп жазған студент болашақта «сапалы маман бола ала ма?» деген сауал туындайды.
Жасанды интеллекттің дәуірінде ең маңыздысы – білім мен жауапкершіліктің үйлесімі. Баланы өздігінен ойлануға, ізденуге, зерттеуге дағдыландыру, ал ЖИ-ді тек қосымша құрал ретінде қолдануды үйрету – әр ата-ана мен ұстаздың міндеті. Сонда ғана технологияның құдіретін адамға пайдалы етуге болады. Ал оқушы білімді тек тез көшіріп алуды емес, терең игеруді үйренеді.

С.МАДИЯРОВА
24 ақпан 2026 ж. 56 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№15 (9382)

24 ақпан 2026 ж.

№14 (9381)

21 ақпан 2026 ж.

№13 (9380)

17 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728