Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БИЛЕР КЕҢЕСІ ЖИЫНЫ ӨТТІ

БИЛЕР КЕҢЕСІ ЖИЫНЫ ӨТТІ

Сейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыс бойынша билер кеңесінің жиыны өтті. Жиынға аудан әкімі Н. Мақұлбеков, аудан әкімінің орынбасары А. Есмаханов, сот саласының ардагері, облыстық билер кеңесінің төрағасы З. Нұрсейітов, облыстық билер кеңесінің мүшелері Б. Пұсырманов, Қ. Әжібеков, А. Әнуарбеков және Байқоңыр қаласы мен Жаңақорған ауданының билер кеңесінің мүшелері, аудандық билер кеңесінің мүшесі Т. Баймағамбетов, аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы А. Жолдыбаев, аудан прокурорының орынбасары А. Мұқалым мен аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Б. Әбілдаев қатысты. Сондай-ақ, ZOOM платформасы арқылы Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарының билер кеңесінің төрағалары мен кент және ауылдық округ билер кеңесі төрағалары қатысып, мәселелерді талқылады.
Жиын барысында аудан әкімі Н.Әскербекұлы қазақ халқы үшін билер сотының беделі мен мәртебесі, қызметінің маңыздылығы туралы айтып өтті. Сонымен қатар, «Билер кеңесінің жұмысы – елдің рухани жаңғыруының бастамасы. Ал, оның басты мақсаты – жастарға бағыт-бағдар, тәлім-тәрбие беру. Адасқандарды жолға салып, оларды жат қылықтардан аулақ болуға үйрету, жеңіл және ауыр емес санаттағы істерді сотқа жеткізбей шешуге қол жеткізу болып табылады. Қазіргі қоғамға билер соты қажет. Олар азаматтық дау-дамайларды шешіп, істі сотқа дейін жеткізбей, медиациялық тәртіпте әрекет ете алады, сол себепті ауданда билер кеңесі құрылды», – деді аудан басшысы.
Аудандық билер кеңесінің төрағасы Т.Сәбекұлы өз сөзінде Билер кеңесі көмегімен татуластыру шараларын жүргізудің мол мүмкіндіктеріне және аудандық билердің атқарған жұмыстарына тоқталды. Ал, облыстық билер кеңесінің төрағасы, сот саласының ардагері З.Әлімжанұлы мен аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы А.Кәрібайұлы билер соты, дала соты ата-бабамыздың, сонау Қазақ хандығы, қазақ құрылымы, қазақ мемлекеті кезінен-ақ қоғамнан ерекше орын алғандығы мен қазіргі таңда дауларды сотқа жеткізбей шешуге билер кеңесінің ықпалы жөнінде баяндама жасады.
Сонымен қатар, ең алғаш билер кеңесі Байқоңыр қаласында құрылғанын, құрамына отбасылық психология, білім беру, медицина саласындағы өкілдер, сот жүйесінің ардагерлері, сондай-ақ, облыстың құрметті азаматтары, беделді ақсақалдар, демалысқа шыққан судья сайланғанын Байқоңыр қаласының билер кеңесінің мүшесі айтып өтті. Қаладағы билер кеңесі мүшелеріне арнайы кеңсе қазақы нақышта жасалып, қазақтың үш биі – Әйтеке, Қазыбек, Төле билердің суреті төрден орын алған және кеңес мүшелерінің қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіншілігі бар.
Қатысушылар өткізіліп отырған жиынның өзектілігі мен маңыздылығын және осындай кездесулердің билер кеңесі қызметін жандандыруға үлес қосатынын айтып, жиынды аяқтады.

Нұрай ҚАЛЫШБЕКОВА
29 қазан 2021 ж. 1 286 0