Билер соты бір отбасын біріктірді
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлттық сана мен ұлттық болмысты жандандыруға негізделген. Байырғы дәстүрлерді қайта жандандырған бұл мақала билер сотының құрылуына себепкер болды. Араздасқан ағайынды татуластыратын билер сотының бір ісіне бұрнағы күні аудандық сотта куә болдық.
Аудандық билер кеңесінің төрағасы Тұрмат Баймағанбетов Ә.Тәжібаев ауылының тұрғындары, жас отбасының шаңырағын сақтап қалды. Аудандық сотта қаралған іс татуласумен аяқталып, екі тарап бір бітімге келді. Билер сотының мақсаты мен міндетін, атқарылып жатқан жұмыстарын саралау үшін одан әрі аудан әкімдігіне жол тарттық. Жиынды аудан әкімі Әшім Оразбекұлы жүргізді.
Жалпы билер кеңесінің жұмысын халыққа насихаттау мақсатында ауданға облыстық билер кеңесінің төрағасы Зейнулла Нұрсейітов және билер кеңесінің мүшесі Ғалия Шыңғысова қатысып, өзіндік ойларымен бөлісті. Билер соты, дала соты ата-бабамыздың, сонау Қазақ хандығы, қазақ құрылымы, қазақ мемлекеті кезінде қоғамнан ерекше орын алғаны рас. Олар биліктің, мемлекеттің құрылымына араласты. Расында да, қазақтың ежелгі билер соты тек сот төрелігін жүзеге асырған жоқ, мемлекеттік құрылымға да қатысып, мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді қарады.
– Қазіргі қоғамға билер соты қажет. Олар азаматтық дау-дамайларды шешіп, істі сотқа дейін жеткізбей, медиациялық тәртіпте әрекет ете алады, – деді аудандық билер кеңесінің төрағасы Тұрмат Сәбекұлы. Осыған орай, ауданымызда ағымдағы жылдың мамыр айында аудан әкімінің өкімімен билер кеңесі құрылып, қазіргі таңда өз жұмысын жасап келеді.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ