Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалы ауданында билер кеңесі құрылады

Қазалы ауданында билер кеңесі құрылады


Қазалы аудандық сотының ұйымдастыруымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында Билер кеңесін құру бойынша бастамашыл топтың жиыны өтті.
Жиынға Қазалы аудандық сотының төрағасы Дидар Мұратбекұлы, бітістіруші-судьясы Қуаныш Мыханов, аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов, құқық қорғау органдарының басшылары, кент, қала, ауылдық округ әкімдері, медиаторлар, БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шараны аша келе, аудандық соттың төрағасы Д.Мұратбекұлы Билер кеңесі азаматтық дау-дамайларды шешіп, істі сотқа дейін жеткізбей әрекет ете алатынын жеткізді. Сонымен бірге ол «Ел ішінде беделі салмақты, аузы дуалы қариялар бар,  бұрын мемлекеттік қызметте болған, қазір зейнеткерлік жаста жүрген ел ағалары, ауыл ақсақалдарынан билер кеңесін құрып, халық арасында орын алатын дау-дамайларды реттеп, бітімгершілікке шақырып отырса» - деген ұсынысын білдірді.
Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов пен Әйтеке би кенті қоғамдық кеңесінің төрағасы Байғабыл Әбсұлтанов дауларды сотқа дейінгі реттеудің маңыздылығын айта келе, Билер кеңесін құру бастамасын құптайтындықтарын жеткізді.
Кездесу барысында татуластыру рәсімдерін халық арасында кеңінен танытуға және Билер кеңесін құруға бағытталған төрт жақты меморандум қабылданып, оған Қазалы ауданының әкімдігі, аудандық сот, аудандық прокуратура және аудандық ішкі істер бөлімі қол қойды.
Бастамашыл топтың өкілдері осы арқылы бабалар мұрасына зор құрмет көрсетілетінін атап өтіп, өңірдегі дауласу деңгейін төмендетуге бағытталған жұмысты ілгері жылжытуға қолдау білдірді.


Қайнар: 
Қазалы аудандық сотының баспасөз қызметі

07 қараша 2018 ж. 1 943 0