Медиация – бітімгершіліктің ең озық өнегесі
Қазіргі таңда халықтың аузынан, бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі еститініміз «Медиация» сөзі. Бұл сөздің мән-мағынасын қарапайым халыққа кеңінен түсіндіріп, бітімгершілік келісімге келу жолдарын ұсынып келеміз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Судьялар одағының V съезінде сот тәртібі мен қаралуға жататын дау-дамайларды азайту мәселесіне назар аударуды, соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін, соның ішінде бітімгершілік және медиация процедураларын енгізуді тапсырған болатын. Осыған орай, 2011 жылдың 28 қаңтарында ҚР «Медиация» туралы Заңы қабылданды. Аталған Заңға сәйкес Қазақстанда дауларды баламалы шешудің жаңа түрі – медиация енгізілді.
Медиация – өзара қолайлы шешімге келу мақсатында медиатордың бейтарап жақ көмегімен тараптар арасында дауды (шиеленісті) реттеу тәртібі.
Шиелі ауданынан ашылған медиация орталығы жұмысын бастағаны белгілі. Түсініспеушілік салдарынан сотқа жүгінген халыққа кеңес беруді де қолға алды. Жалпы, қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Ұлы қазақ даласы билігінің белгілі дара тұлғалары – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған даналық жолы бүгінде жалғасын тауып, араздасқан адамдарды сотқа жеткізбей бейбіт түрде келісімге келуге шақырып отыр. Негізінен медиациялық тәртіптің мақсаты – тараптардың шиеленіс деңгейін төмендету және даудың екі жақты да қанағаттандыратын шешіміне қол жеткізу.
Гүлнұр ҚҰРМАНБАЙ,
аудандық соттың судьясы.