Мәміленің бастауы – медиация
Жуырда аудандық сотта аудандық сот төрағасы М.Күздеубаев, судьялар Ә.Түбекбаева, Г.Құрманбай, аудандық заң консультациясының адвокаттары Н.Әлжанова, М.Тұрсанова, Қ.Жүсіпов, кәсіби медиатор Д.Қалқабаевтардың және жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Татуластыру рәсімдерінің сот істерін қараудағы рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңкелек үстелде аудандық сотының төрағасы М.Күздеубаев: «Азаматтық Процестік Кодексінде алғаш рет татуластыру рәсімдері көзделген арнайы тарау белгіленіп, онда сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданатыны, дауды процестің барлық сатыларында реттеуде оларға жәрдемдесетіні көзделген», – деді. Сонымен қатар, тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап не Азаматтық Процестік Кодексте белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алатыны туралы белгіленгендігі жайында сөз өрбітті.
Осы тұста аудандық сот төрағасы дауды медиация тәртібімен немесе партисипативтік рәсім тәртібімен реттеуге кеңінен тоқталды. 2011 жылдың 28 қаңтарында елімізде «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылып, аталған заң 2012 жылдың тамыз айынан бастап қолданысқа енгізілді.
«Медиация» ұғымының өзі де латын тілінен аударғанда екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға деген мағынаны білдіреді. Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу жаңа Азаматтық Процестік Кодекспен бірге қолданысқа енген жаңа ұғым. Партисипативтік рәсім бұл іске қатысушы екі тараптың да адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізілетін рәсім. Дауды партисипативтік рәсім негізінде реттеу үшін тараптардың адвокаттары болуы шарт. Тараптар өзара туындаған дауды адвокаттарының жәрдемдесуімен ғана шешіп, ортақ келісімге қол жеткізіп, аталған келісімді сотқа ұсынады.
Жаңа Азаматтық Процестік Кодекстің міндеттерін жүзеге асыру үшін дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесу мақсатында, судьялар тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданып, істі сот талқылауына дайындық барысында, алдын ала сот отырысында тараптарға дауды татуласу рәсімдерін жүргізу арқылы аяқтау құқықтарын және аталған рәсімдерді қолданудың құқықтық салдары түсіндіріледі.
Осы атқарылған шаралардың нәтижесінде Шиелі аудандық сотының өндірісінде 2017 жылдың 12 айында 46 азаматтық іс тараптардың дауды (дау-шарды) медиация рәсімі негізінде жасалған келісіммен аяқталса, 8 азаматтық іс тараптардың адвокаттарының жәрдемдесуімен өзара келіссөздер жүргізу арқылы партисипативтік рәсім негізінде жасалған келісімді соттың бекітуіне орай өндірістен тоқтатылған.
Шиелі аудандық сотының өндірісінде ағымдағы жылдың 12 айында қаралған қылмыстық істер бойынша 44 іс сотталушылар мен жәбірленушілердің медиация тәртібімен татуласуына және қылмыспен келтірілген зиянды қалпына келтіруіне байланысты тоқтатылып, сотталушылар қылмыстық жауаптылықтан босатылған.
Сондай-ақ, 2017 жылдың 12 айында 15 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер тараптардың медиация тәртібімен татуласуына байланысты өндірістен тоқтатылған.
Сонымен қатар, шара барысында Шиелі аудандық сотының өндірісіндегі қаралған азаматтық істер бойынша тараптарға дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесіп, партисипативтік рәсімнің кеңінен қолданылып, дамуына қосқаны үшін және аудандық сотының өндірісіндегі қаралған қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша тараптарға дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесіп, медиация рәсімнің кеңінен қолданылып, дамуына қосқан үлесі жиынға қатысқан аудандық заң консультациясының адвокаттары мен кәсіби медиатор Д.Қалқабаевтарға алғыс хаттар табыс етілді.
«Өскен өңір» ақпарат.