Медиаторлар тәжірибелерімен бөлісті
Жуырда Шиелі ауданы әкімдігінде кәсіби емес медиаторлардың кездесуі өтті. Кездесуге ауылдық округтегі медиаторлармен қатар, аудандық соттың судьясы Ә.Түбекбаева, кәсіби медиатор Д.Қалқабаевтар қатысты.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов ашып, медиация бағытындағы жұмыстардың жай күйін баяндап, медиаторларға кеңес беру мақсатында сала мамандарының шақырылғанын мәлімдеді. Келесі сөз кезегін алған кәсіби медиатор Д.Қалқабаев қатысушыларға медиацияның артықшылығын, медиация рәсімінің сот талқылауынан айырмашылығын баяндап, істің жүргізілу тәртібі бойынша кеңес берді. Аудандық соттың судьясы Ә.Түбекбаева өз тәжірибесімен бөлісіп, «Медиация туралы заң» аясында істі қалай жүргізу керектігін айтты. Кездесуге келген кәсіби емес медиаторлар көптеген ақпараттар алып, ауылдық округтердегі өздерінің іс жүргізу тәжірибелерімен бөлісті. Тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып отырған дана бабаларымыздың сөз саптауы, шешендігі, әділдік орнатудағы тәжірибелері жайында да әңгіме өрбіп, елдің ауызбіршілігін сақтауға атсалысып жүрген жандар біліктілігін молайтып, тарқасты.
«Өскен өңір» ақпарат.