Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Адалдықты ту еткен

Адалдықты ту еткен


Әрбір жұмыр басты пенде саналы ғұмырында еліне елеулі қызмет атқарса борышын орындағаны. Ал, өз саласында оза шығып дараланса, нұр үстіне нұр болады. Сот саласының ардагері, адалдықтың ақ туын төмендетпеген Тұрмат Баймағанбет Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атанды.
Сөзі жараспайтын екі адамның басы қосылса, әңгіменің аяғы дауға ұласады. Әуелден белгілі кез келген қазақ баласы әділдікке, шындыққа құмар. Шындықтың шырағын іздесек тарихқа көз саламыз. «Өтіріктің балын жалағанша, шындықтың уын ішкен артық». Бұл мақалда нағыз ұлттық код сақталғанын аңғарамыз. Ежелден белгілі, тыныштық орын алған жерде береке, бірлік болады. Шындығында, тыныштықтың жаршысы, бірліктің алтын қазығы билер. Би деген сөзді естісек, тапқырлықтан тамыр тартқан, жат пен жақынды бөлмейтін, заңсыздыққа көнбейтін, әр сөзімен әділдікке өрлейтін адам көз алдымызға келеді. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер тентекті тезге салып түзетіп, тыныштықты күндіз-түні күзетіп, шамасы келгенше шариғаттың жолымен қара қылды қақ жарды. Және жастайынынан жалыны мен дарыны бөлек Жетес бидің жетелі ойларын да есте сақтап келеміз. Өзегі өткен ғасырлардан нәр алып тұрған өміршең жол осы күні де жалғасын тауып жатыр. Қазір тәуелсіз елдің төрелігі Ата заңға негізделіп, бидің орнын судьялар алмастырды. Солардың ішінде, қаншама заңсыздықтың ақ-қарасын айырып, бейнетінің зейнетін көріп отырған, мамандықтың майын ішкен, «Үш би» құрмет белгісінің иегері Тұрмат Сабекұлы. Ізгінің ізіне ерген кейіпкеріміз де кәмелетке толған шағында ел ісіне араласа бастайды. 1964 жылы 18 жасында Шиелі аудандық сотына жұмысқа қабылданады. Қызығы мен шыжығы мол мамандықтың баспалдағынан бас­тап, төріне шығамын дегенше қаншама қиындықты бастан өткерді. Осы салада әбден ысылған шағында, 1986 жылдан бастап, судьялық лауазымға ие болады. Ол уақытта жауапты сала маманын халық сайлайтын. Үлкен сенім білдіріп, елдің ыстық ықыласымен бала кездегі арманы жүзеге асады. Содан бері 1000-нан астам істің нүктесін қойып, әділ судья бола білді. Тек қана Шиелі емес, облыстың біраз ауданында қызмет атқарды. Әлгінде айтқан,«Үш би» құрмет белгісі осы салада мінсіз қызмет еткен судьяларға ғана беріледі. Ал, Шиелі ауданының «Құрметті азаты» марапатын иеленуі де ерекшелік. Т.Баймағанбетов мұндай атақты алған облыс көлемінде бірінші судья болып отыр. Бүгінде түрлі марапат биігінен көрініп, көпке сыйлы болуы мамандығын жақсы көріп, жолдағы қиындықтарды жеңіп, Ата заңның шеңберінен шықпай, адалдықты ту еткенінің жемісі. Бұл саланың қиындығын бағамдау да оңайға соқпайды. Шындықтың шеңберінен шықпай, билердің ізін жалғастырып, заңсыздықтың жолын бөгеп, еселі еңбегінің зейнетін көріп «Құрметті азамат» атанғанынан Тұрағанның тұғырын аңғаруға болады.
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағын алған ардагеріміз Т.Баймағанбетовтың қуанышымен ортақтасамыз. Бұл марапат барлық сот қызметкерлерінің мерейін асырды десек қателеспейміз.

Әлия ТҮБЕКБАЕВА,
Жаңақорған аудандық сотының төраға міндетін атқарушы.
15 қаңтар 2019 ж. 1 922 0