Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шындықтың 3 негізі

Шындықтың 3 негізі



Шындық – сыртқы жақсылықтың ішкі жан дүниемен толықтай үйлесуі. Шындықтың үш негізі бар, ол: Жаратқанмен шыншыл болуы, адамдармен шыншыл болуы және өз-өзіне шыншыл болуы. Әйтпесе, сырты – бүтін, іші – түтін бейбаққа айналады. Бірінші, шыншылдық – Хақ Тағаламен болған шындық. Бұл дегеніңіз, әрбір құлшылықты тек Алла Тағала разылығын мұрат етіп, ықыласпен жасау. Құлшылыққа рия мен сумғаны араластырмау. Рия – кісі көрсін деп жасау болса, сумға – ел естісін, білсін деп жасалған әрекет. Бұл екеуі де – құлшылықты зая ететін кісі бойындағы кесір. Өйткені, рия мен сумға араласқан амалды Алла Тағала қабыл етпейді.
Екіншісі, адамдармен шыншыл болу. Дүниелік пайданы көздеп, адамдарға өтірік айту – қиянаттың үлкені. Имам Ахмедтің кітабында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
كَبُرَتْ خيانة أن تحدِّث أخاك حديثًا، هو لك مصدِّق، وأنت له كاذب
«Сен бауырыңмен әңгімелескенде ол саған шындықты айтып, ал, сенің оған өтірік айтуың – қиянаттың үлкені»,-деген хадисі риуаят етіледі.
Үшіншісі, өз-өзімен шыншыл болу. Өзінің иманы, ұяты мен ар-намысы алдында шыншыл болу – айыбы мен қатесін мойындай білуі әрі оны түзетуге әрекет етуі. Себебі, шындық адамды барлық пәледен құтқарады.
Тирмизи еңбегінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):
دَعْ مَا يَرِيبُكَ إِلَى مَا لَا يَرِيبُكَ ، فَإِنَّ الصِّدْقَ طُمَأْنِينَةٌ ، وَإِنَّ الْكَذِبَ رِيبَةٌ
«Күмәнді қойып, күмәнсізге көш. Анығында, шыншылдық – тыныштық әкеледі, ал, өтірік – күмән тудырады»,-деген сөзі бар. Хадисте шыншылдық адамның жүрегіне тыныштық беретіні, ал, өтірік болса адамның жүрегіне жайсыздық ұялататындығы айтылған.
Батыр атамыз Бауыржан Момышұлының: «Өтіріктің балын жеп тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» деген сөзі соны меңзесе керек.

http://kazislam.kz/
29 қараша 2018 ж. 1 854 0