Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бітімгершілік бар жерде татулық орнайды

Бітімгершілік бар жерде татулық орнайды


Қазақ халқының ең бай құндылықтарының бірі – билер соты. Дала сотының билігінің мықтылығы сонша, ешбір ұлт та билер биліктен жоғары тұрмаған, билердің айтқанын биліктің айтқанындай орындамаған.
Бұрынғы билер соты бүгінгі сот төрелігінің негізін қалады. Дала соты дауды бір жаққа емес, екі жаққа тең бөліп, тараптарды келісімге келтіріп, шығын орнын тиімді жолмен толтырып, дауды бітімгерлікпен шешу жолдарын ұстанды.
«Қазақта қыз мұраты – кету, жол мұраты – жету, дау мұраты – біту» деген мақал бар. Мұндағы «біту» сөзі – бітістіру, татуластыру, бітімгершілік дегенді білдіреді.
Дауларды татуласу рәсімдері арқылы шешудің тиімділігі айқын. Алайда азаматтар бітімгершілік рәсімінің күшіне сене бермейді. Осы орайда атқарылған еңбек нәтижесіне қарап, бітімгершілікті насихаттау бойынша жұмыстар әлі де жетілдіруді қажет ететіні байқалуда.
Республика соттары «Сот жүйесін жетілдірудің басым бағыттар портфелі» негізінде «Татуласу. Сотқа дейін. Сотта» деп аталатын жоба бойынша жұмысқа кірісіп кетті.
Бүгінде Шиелі аудандық сотының бастамасымен және Шиелі аудандық әкімдігінің қолдауымен 2018 жылы «Татуласу орталығы», одан кейін 2019 жылдың мамыр айынан бастап «Билер кеңесі» құрылды, онда медиатор, билер кеңесінің төрағасы Т.Баймағанбет бастаған билер кеңесі азаматтарға кеңес беру, даулардың категориясын анықтау, бітімге келтіру жұмыстарын атқаруда.
Медиация – даулы мәселелердің соттан тыс, бейтарап, даудың шешілуінде қызығушылығы жоқ үшінші тарап медиатордың қатысуымен шешілетін-ді.
Медиация рәсімі кезінде дауға қатысатын тараптар медиатордың тәжірибесі мен біліміне сүйене отырып, дербес, өзара қолайлы шешімге келеді.
Даулы мәселенің шешілуі тараптардың еркіне байланысты. Медиация икемді әрі бейресмилігімен ерекшеленетіндіктен, онда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екендігі анықталмайды.
Медиатор пайда болған түсініспеушіліктердің сындарлы шешімін табуға тырысады.
Ендігі жерде дауласушылар өзара келісімге келуге ниет білдірсе, ең алдымен қоғамда бір-бірімен тату-тәтті, сабырлы, сыйластықта, түсіністікте өмір сүретін ел азаматтарының қатары артып, бір тараптың пайдасына шешілетін даулардың саны азаяр еді.

Шиелі аудандық сотының төрағасы
М.О.Күздеубаев
10 наурыз 2021 ж. 462 0