Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Медиация – дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы

Медиация – дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы


Дала билігінің дара тұлғалары – дана билер ел арасындағы кез келген дау-дамайды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, жеріміздің тұтастығын сақтауға ерекше назар аударған.
Би дауға жүгінген қос тарапқа шындықты мойындатып, ризалықпен бітістірген. «Билік айтқан би емес, бітістірген би» деген нақыл содан қалса керек.
Бітімнің мақсаты – тек дауласушы тараптарды бітістіру ғана емес, сондай-ақ, әлеуметтік ортадағы тыныштықты сақтау, қоғамдағы татулықты орнықтыру, тараптарды алдымен ар-намысына жүгіндіріп, мәселені ушықтырмай, ақылмен саралауға тәрбиелеу.
Бітімгершілік уәжге құлақ аспау –көргенсіздік, тексіздік ретінде бағаланған. «Бітімшілікке тоқтамағаннан береке іздеме» деген сөз осыдан шыққан.
Қазақ халқы жөн сөзге құлақ асып, мәнін түсіне, қастерлей білген. Демек, қазақ қоғамындағы құқықтық сана өте жоғары болған. Осы қасиетті дәстүрдің сабақтастығын қазіргі «Медиация туралы» Заңнан көруге болады.
Кешегі бабаларымыздың бітімгершілік заңымен бүгінгі медиация заңының арасында үлкен сабақтастық жатыр. Сондықтан да Елбасы Н.Назарбаев судьялар одағының VI съезінде сот тәртібімен қаралуға жататын дау-дамайларды азайту мәселесіне назар аударуды, соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін, соның ішінде бітімгершілік және медиация рәсімдерін енгізуді тапсырған болатын.
Осылайша, өзара қолайлы шешімге келу мақсатында медиатордың көмегімен тараптар арасында дауды реттеу тәртібі – медиация сот жүйесінде кеңінен қолданыла бастады.
Медиация тәсілі сот ісіндегі тазалықты, әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы. Медиация тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі. Аталған рәсім бейтарап медиаторды тарту арқылы келісімге келу жолымен уағдаластыру арқылы жүзеге асырылады.
Медиация әдісі дүние жүзінде ХХ ғасырдың екінші жартысында дами бастаған. Ең алдымен АҚШ, Австралия, Ұлыбританиядан бас­тау алған бұл рәсім кейіннен әлемнің біршама елдерінде өте кең және жаппай тарай бастаған. Қазіргі уақытта Қытайда даулардың шамамен 30 пайызы соттан тыс тәртіппен медиаторлар арқылы шешіледі.
Елімізде жақын арада дауларды шешудің қосымша әдісі ретінде медиация тәсілінің енгізілуінің басты мақсаты – дауды (дау-шарды) шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу. Тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету, судьялардың жүктемесін және басқа да құқық қорғау органдарының жұмысын азайту болып табылады.
Мысалы, дау соттың шешімі арқылы шешілген жағдайда көбіне бір тараптың сот шешімімен келіспей, іс бойынша апелляциялық, кассациялық, қадағалау шағымдарын келтіріп, істің соңғы нүктесінің қойылуы ұзақ мерзімді талап ететіні белгілі. Ал, дауды (дау-шарды) медиа­­ция рәсімін қолдану арқылы шешу барысында азаматтар өздерінің алтын уақыты мен қаржы шығындарын үнемдейді.
Қазіргі уақытта соттар өндірісіндегі жеке және заңды тұлғалар қатысатын еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын азаматтық істер, сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істер, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу санатындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша медиация рәсімі қолданылуда.
Шиелі аудандық сотының өндірісінде ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында қаралған істер бойынша 23 қылмыстық, 44 азаматтық іс және 22 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер медиация рәсімін қолдану арқылы аяқталған. Медиация тәртібінде қаралатын істер саны жыл сайын еселеп өсуде.
Сондай-ақ, Шиелі аудандық сотында судья Г.Құрманбай бітімгершілік шараларын жүргізу пилоттық жобасы аясында азаматтық істер бойынша бітістіруші-судья ретінде бекітіліп, жұмыс істеуде.
Медиация рәсімін насихаттау мақсатында аудандық сот тарапынан түрлі сипаттағы, бірқатар ауқымды шаралар жүргізілуде.
Аудан орталығынан «Татуласу орталығы» ашылып, доғарыстағы судья Т.Баймағанбет аталған орталықтың жұмысын жүргізуде. Аталған орталықтың кеңесшісі ретінде аудан тұрғындары арасында кәсіпқой медиатор Д.Қалқабаев бекітілді. Қазіргі уақытта татуласу орталығына жүгінген азаматтардың арызы бойынша 14 арыз сотқа жетпей, шешімін тапқан.
Қазақстан Республикасы жоғарғы сотының «Сотсыз татуласу» пилоттық жобасы аясында аудандық сот төрағасы мен Шиелі ауданы әкімі арасында сотсыз татуласу жұмыстарын дәріптеу мақсатында іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстар атқарылуда.
Аудандық соттың ғимаратының ішінен құқықтық қызмет көрсету бөлмесі ашылды. Оның жұмысы азаматтарға ашық, жариялы түрде көмек көрсетіп, оларды әуре-сарсаңға салмай, жедел түрде ақпараттық кеңес беруге бағытталған. Аталған бөлмеде азаматтарға адвокаттар, медиаторлар, халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері және сот қызметкерлері көмек көрсетуде.
Медиация атауы біздер үшін жаңа ұғым болғанымен, қазақ құқығы үшін жат дүние емес. Бұл «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген қағиданы басшылыққа алған дарабоз билердің дәстүрлік билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы болып табылады.
Қазақтың Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды дана билері, шешендері халық арасында туындаған дауларды бітістіріп, мәмілеге келтіргені, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтап қалу үшін қаншама жылдар бойы шешімін таппаған даулардың билердің алдында екі жаққа да пайдалы, ұтымды шешім қабылдау арқылы аяқталғаны баршамызға тарихтан белгілі.
Ендеше, медиация рәсімін қазіргі таңда кеңінен қолдану халқымыздың дана билерінен келе жатқан билік жүргізу тәсілінің дәстүрлі жалғасы болып табылады.


Әлия Түбекбаева,
аудандық соттың
судьясы.
06 тамыз 2018 ж. 1 497 0