Медиация – бірлік пен тұтастық кепілі
Екі тарап арасындағы дау-дамай, келіспеушілікті сотқа дейін шешу мүмкіндігін қарастырып, 2011 жылдың 28 қаңтарында «Медиация туралы» заң қабылданған болатын. «Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда «екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға» деген мағынаны білдіреді. Медиация тәсілі сот ісіндегі тазалықты, әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы, яғни, екі тарапты қанағаттандыру негізінде жүргізілетін келіссөз рәсімі. Бұл өз кезегінде, азаматтардың уақыты мен қаражатын үнемдейді. Отбасы, еңбек мәселелері, жеке және заңды тұлғалардың түрлі даулары, қылмыстық істер, бұлардың бәрін де медиация арқылы реттеуге болады.
Қазіргі кезде әлемде медиация тәсілі өте кеңінен таралған. Халықаралық статистикаға жүгінсек, медиация тәсілі арқылы даулардың 30-40 пайызы шешіледі, ал, оның оң нәтижесі 85 пайызға дейін жетеді. Алпауыт елдердің бірқатарында, яғни, Қытайдың өзінде барлық даулардың 20 пайызы осындай тәсілмен шешілетін көрінеді. Ауданда медиация күніне орай «Халықаралық құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігі медиация орталығында аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов пен аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Ә.Түбекбаева екі жақты келісімге қол қойып, одан әрі аудан тұрғындары мен медиаторлар арасындағы жұмыстармен танысты. Сонымен қатар, аудандық сотта іске қосылған медиация кабинетіндегі жұмыстар барысын бақылап, ондағы психолог, медиатор мамандарының отбасындағы түрлі кикілжіңдерді шешу тәсілін сөз етті. Мереке иелеріне арналған «Арман» мәдениет үйіндегі концерттік бағдарламаны аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов ашып берді. Тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып отырған дана бабаларымыздың бітімгершілік саясаты егеменді елімізде жаңа серпінмен дамып келеді. Жылда 5-тамыз – медиаторлардың кәсіби мерекесі болып аталып келе жатқандығын тілге тиек етіп,
медиаторларды мерекесімен құттықтады. Аталмыш мереке иелерінің үздіктері марапат төрінен көрініп, алғыс хаттарды иеленді. Салтанатты жиында патриоттық әндер орындалып, мың бұралған бишілер мерекелік көңілді одан әрі көркейтті.
Жұлдызай НОҒАЙБАЙҚЫЗЫ.