Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сотқа сабылғаннан, ысырапсыз ымыра артық

Сотқа сабылғаннан, ысырапсыз ымыра артық


Бабаларымыз ежелден кез келген мәселені келісіммен шеше білген мәмілегер болғандығын тарихтан білеміз. «Аталы сөзге арсыз да тоқтайды» деген мақал осының көрінісі болса керек. Сөз асылын, орынды сөзді «аталы сөз» деп жоғары бағалаған. Бір ауыз сөзбен ердің құнын кешірген. Соған сәйкес хан, би, бай, төрелер де шешендер мен ақындарды төбесіне көтеріп, сыйлаған.
ҚР Президенті Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық кодтың қажет екендігін айтқан болатын. Дана да көреген халқымыздың елді ортақ мақсат-мүддеге жұмылдыруда арнайы «дала парламенті» жұмыс істеді. Онда ақсақалдардың байламына тоқтап, дауласқан тараптар мәмілеге келіп, жүйелі сөзге тоқтағандығы аян. Нақ осы тұста Елбасының «өзіміздің ұлттық кодымызға оралуымыз керек» – дегендегі айтар негізгі ой осы – медиация. Елбасы ұсынған медиация тәртібі қазақ үшін бұрыннан келе жатқан ғұрып. Өзара бітімгершіліктің заманауи жаңғырған түрі. Қара қылды қақ жарған әділ бидің бір ауыз кесімді сөзіне бағынып, бітімге келетін ата-бабамыздың бітімгершілік жолын бүгінгі қоғамда жалғастыру жайы көтеріліп, қолға алынуда. Яғни, Елбасы Н.Назарбаевтың дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастыру, ұсақ-түйек мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру жөніндегі нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған орай, Қазақстан Республикасының жоғарғы сотымен қоғамдағы дауғойлықты азайтып, сотсыз шешу институттарын дамыту, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін «Сотсыз татуласу орталығын» құру жобасы ұсынылған еді. Ал, оны жүзеге асыру үшін пилоттық аймақ ретінде Қызылорда облысы белгіленген. Себебі, қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық рухани құндылықтарын сақтай білген осынау өлкеде ел ағалары қолдау көрсетеді деген сеніммен, жаңа жобаны осында бастау жөн саналыпты.
Міне, осы мәселе төңірегінде түнеукүні Шиелі аудандық соты мен аудандық әкімдіктің ұйымдастыруымен Ақмая, Төңкеріс, Керделі, Жиделіарық, Еңбекші, Жуантөбе ауылдық округтерінде тұрғындармен кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуде аудандық сот төрағасы М.Күздеубаев, аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Оразымбетов, сот ардагері Т.Баймағанбет, аудандық мешіттің бас имамы Р.Ахметов әсерлі әңгімелерін ортаға салды. Жобаның аймақтың қоғамдық өмірі үшін маңыздылығы зор екенін атап өтіп, тұрғындарды дауды сотсыз шешудің тиімді жолдарын қарастыруға шақырды.
Аудандық сот төрағасы М.Күздеубаев­тың келтірген мәліметтеріне қарасақ, аудандық сотта 2017 жылы 2054 іс аяқталған. Оның ішінде 723 іс әкімшілік, 153 қылмыстық, 1181 іс азаматтық істер. Енді көзге көрініп тұрғанындай, басым бөлігі соңғы категория бойынша екен. Ал, осыдан бес жыл бұрын яғни, 2013 жылы бас-аяғы 581 іс болған. Сонда, бес жылда 2,5 есеге артқан. Қылмыстық іс бойынша 2013 жылы 112 іс болса, 2017 жылы 153 іске көтерілген. Азаматтық істің ішінде неке бұзу ісі артып отыр. Есеп бойынша АХАТ мамандарының мәліметінше, әрбір 3-неке бұзылуда. Ал, бір неке бұзылу барысында 5-6 азаматтық іс қозғалатын көрінеді. Осы мәселелердің барлығы жоғарыда айтылғандай сотсыз татуласу, яғни, ымыраға келу арқылы шешілсе, сотқа өтпейді. Сотсыз татуласу орталығының тиімділігі сол, ешкім денсаулығы мен алтын уақыттарын айтыс-тартысқа жұмсамайды. Жоғарыда аталған көрсеткіштер өз ретінде қоғамға және еліміздің елеулі қаржы ресурстарына әсер ететіні анық. Қоғамға дейтініміз, сотты болу арқылы адам өз ұрпағының болашағына балта шапқанмен тең. Болмайтын жайттарға бола келіспей қалып, бір-бірін сотқа сүйрелейтін азаматтардың қатары бүгінде көбейіп отыр. Көршілердің керісі, әкенің бала алдындағы жауапкершілігі, бауырлардың тартысы, өзге де сотсыз шешілетін мәселелер құқық қорғау қызметкерлерінің алдынан шығып жататындығы көңілге қаяу салады. Әңгімеге арқау болған орталық жұмысы қолдау тауып, жүзеге асатын болса, әуре-сарсаңға түспес еді. Не десек те, бір-бірімізді сотқа сүйреп сабылғанша, ысырапсыз ымыраға келу тиімдірек.
Мынаған қараңыз, сотқа жолданған істердің 20 пайызы ғана мемлекет мүддесіне байланысты екен. Өзгесін жеке тұрғындар арасындағы даулар құрайды. Бір сәттік ашуға ерік беріп, сотқа жүгінген тараптар қаншама қаржысын жұмсап, денсаулықтарына нұқсан келтіріп, әуре-сарсаңға түсіп жатады. Әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуды мақсат еткен еліміз үшін бұл жараспайтын салт. Дамығын елдерде, мәселен, АҚШ-та 95 пайыз, Ұлыбританияда 85 пайыз азаматтық және қылмыстық мәселелер медиаторлардың көмегімен шешімін тауып жатады екен. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш тиісінше, 70 пайыздан жоғары. Ал, бізде әлі де болса 4-5 пайыздан аспай тұр.
Статистиканы сөйлетсек, 80-90 жылдары облыста жылына 500-600 азаматтық іс қаралатын болса, қазір бір жылда қаралған азаматтық істердің саны 30 мыңнан асып кеткен.
Дина ЖҮСІПОВА.
Сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ.
03 наурыз 2018 ж. 1 263 0