Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТІЛІМ МЕНІҢ – ТІРЛІГІМНІҢ ТІРЕГІ

ТІЛІМ МЕНІҢ – ТІРЛІГІМНІҢ ТІРЕГІ

Міне, үш жылдың жүзі болды, 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні ­болып белгіленді. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы текке айтпаса керек-ті.
Тілім менің – тірлігімнің тірегі. Дәл осындай атаумен дүйсенбіде №219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінде рухани кеш болып өтті. Мақсат – жас ұрпақты ана тілінің қадір-қасиетін түсіне білуге шақыру, тіл мәртебесін көтеру.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Клара Қарабалаева және пән бірлестігі ұйымдастырған шараға аудандық қазақ тілі қоғамының басшысы Сағындық Сұлтанов пен «Өскен өңір» газетінің тілшісі Сұлушаш Мадиярова қатысты. Шара барысында сөз алған С.Сұлтанов:
– Тіл – ұлттың жаны, халықтығының асыл белгісі, намысы, тыныс- тіршілігінің көзі, тіл – қашанда ұлттың ұйытқысы. Сөзі өз тілінде шыққан халықтың егемендігі баянды, тұғыры қашан да биік. Қазіргі кезде мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі маңызы мен салмағы күн санап арта түсуде. Қазақ тілінің тұғырдан түспеуі жолында ұдайы еңбек ету керек. Әсіресе кейінгі жас­тар қазақ тілін үйренуге, қазақ тілінде сөйлеуге жетік мән берсе деп ойлаймын. Себебі жастар – елдің келешегі, – деп бүгінгі күннің бас­ты ұстанымы қазақ тілінде сөйлеу екенін айта кетті.
Рухани кеште туған тілге арналған ән де, ұлттық нақыштағы би де, үкілі домбырамен күй де тартылды. Сәтті ұйымдастырылған сергіту сәтінде қонақтар, оқушылар мен ұстаздар белсенділік танытты. Содан соң мектеп оқушылары мәйекті сөздің майын тамызған ақындардың жүрекжарды өлең жолдарын оқыды.
Шара соңында белсенділік танытқан оқушыларға, меймандарға арнайы сыйлықтар табыс етілді.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
13 қыркүйек 2022 ж. 394 0