ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ИГІЛІГІ
Халқымызда «тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген сөз бар. Сондықтан, тілдің мәселесіне үңілу, тіліміздің мәртебесін биіктету уақыт күттірмейтін мәселе.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары тіліміздің тағдыры қиындау болғаны рас. Сондықтан, сол кездің өзінде-ақ кешенді бағдарламалар арқылы қазақ тілінің дәрежесі мен мәртебесін айқындау қажеттілігі туындаған болатын. Нәтижесінде бүгінге дейін қазақ тілінің мәселесін шешуге арналған қыруар іс атқарылып, ана тіліміз — қазақ тілінің мәртебесі биіктей түсті. Қолданыс аясы кеңейіп, мемлекеттік тіл ретінде өзін мойындатып, нағыз қажет тілге айналды.

Ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Әлемде жаулап алушы елдердің озбырлығынан, үстемдігінен қаншама тіл жоғалып кетсе, қаншама тіл жоғалудың аз-ақ алдында тұрғаны мәлім. Сондықтан қазіргі жаһандану дәуірінде аз ұлттар мен ұлыстар өз тілдерін қорғап қалуға барынша күш салуда. «Тілін білмеген – тегін білмейді», – деген атам қазақ. Бүгінгідей ел болып еңсе көтерген тұста ана тіліміздің қадірі мен қасиетін арттырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру маңызды мәселе болып тұр.
Қазақ тілі – тәуелсіз жұртымыздың мемлекеттік тілі және ол барлық отандастарымыздың ортақ мақсатқа топтастыратын ұлттық бірліктің басты факторы болып табылады. Шын мәнінде тілге деген құрмет отбасынан бастау алады. Мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың жыл санап көбеюі, елімізде жүргізілген дұрыс тіл саясатының, тілге қатысты кешенді бағдарламаның жемісі екені даусыз. Бүгінде қоғамымыздың барлық саласында қазақ тіліне деген сұраныстың артып келе жатқанын байқаймыз.
Негізі әрбір мемлекеттің дамуы жолында тілдің маңызы зор. Тіл адамдардың өзара қатынас құралы ғана емес, ақпарат алмасуға, тұтас ұлттың дамуына жағдай жасайды. Тілді дамытуда халыққа қойылар талап жоғары. Сондықтан, тұрғындар қазақ тілін оқытудың әдіснамасын жетілдіріп, мемлекеттік тілге сұранысты арттыруға қызмет етіп, қазақ тілін одан әрі жетілдіруге мән беруі керек.
Түптеп келгенде «тіліміздің тынысын ашатын» түрлі шаралар мен бағдарламалар көптеп керек-ақ. Олай болса, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ана сүтімен дарыған ана тілімізді құрметтеп, оның дәрежесін биікке көтеру, рухани азығымыз – ана тілімізге жауапкершілікпен көңіл бөліп, оның өрісін кеңейтуге сіз бен біз болып, атсалысайық. Мемлекеттік тіл өсіп-өркендеп, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміз бен теңдігіміздің қайнар көзі, кемел келешегіміздің ұйытқысы екенін ұмытпайық. Өзіміз болып атсалыспасақ, өзгенің жаны ашымасы анық. Демек, болашағымыз жарқын, мемлекетіміздің тұғыры биік болуы әрине тек қана өзімізге байланысты.
Ибраев Мақсат,
Шиелі АПБ-нің ЖПҚБ-нің учаскелік полиция инспекторы ,полиция
аға лейтенанты
Шиелі АПБ-нің ЖПҚБ-нің учаскелік полиция инспекторы ,полиция
аға лейтенанты