Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі

Тілдің арқасында ғана ата-бабамыздың өсиеттері, ырым-тиымдары, салт-дәстүрі бүгінге дейін сақталды. Дәл осы әдебиет – асыл қазына тұсынан келгенде, қазақтан асқан шешен де шебер ұлт жоқ. Қазақтың бірауыз мақал-мәтелінің, қысқа да нұсқа қанатты сөзінің өзі Батыс ойшылдарының бірнеше том туындыларында айтылған ой-пікірлерінен асып түспесе кем түспейді. Қазақ мақалдарының көңілге қонымдылығы, ұмытылмай есте сақталатындығы, дәлме дәл, ұтқыр болып келетіндігі біздің тіліміздің қаншалықты шұрайлы екендігін дәлелдейді. Міне, осындай бай, таза, шұрайлы тілдің ертеңі келешегі жарқын болуы бүгінгі ұрпақ – бізге тікелей байланысты.
Қазақ тілімізді түзеп, жөн-жосығын өз мәртебесін иелендіруіміз үшін алдымен, бұқаралық психологияны жөнге келтіруіміз керек. Ресей отаршылары жаулап алған кезден бастап біз ұлттық ойлау ерекшелігімізден айырыла бастадық. Хандық дәуірде, тіпті одан да бұрын қазақ қоғамында дала демократиясы болды. Түрмесіз, сотсыз, полицейсіз мамыражай бейбіт қоғам құра білдік.
Қазақтың тентегі мен сотқарының өзі би-шешендер айтқан бірауыз сөзге тоқтайтын ақылды еді. Сөз қадірін қазақтай білген халық әлемде санаулы шығар,сірә!
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері төл тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Түрлі кезеңнен өткен атадан балаға мирас болып қалған ана тілімізді сақтау, кейінгі ұрпаққа аманаттау әр қазақстандықтың борышы деп білемін.
Н.Үсенбеков,
Шиелі ауданының Полиция бөлімінің Кадр саясаты тобының инспекторы,
полиция капитаны
Шиелі ауданының Полиция бөлімінің Кадр саясаты тобының инспекторы,
полиция капитаны