Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіл – өлшеусіз қазына

Тіл – өлшеусіз қазына

Әрбір адамды асқақ арман мен биік мұратқа жеткізетін тілі мен салт-дәстүрі екені ақиқат. Себебі, тіл – халықтың рухани байлығы, ұлттық болмысы. Демек әр халықтың көзінің қарашығындай сақтап, қызғыштай қоритын асыл қазынасы. Сәйкесінше тілдің байлығы – әр ұлттың мақтанышы. Өйткені, тілді түсіну үшін сөйлей білу керек. Сонда ғана жан-тәніңізбен ұғынып, жүрегіңізбен сезіне аласыз. Ол үшін күнделікті қолданысқа енгізіп, көп кітаптар оқуыңыз қажет. Тіпті қазіргідей жаһандану заманында тілді меңгеру үшін сіздің жасыңыз да кедергі келтірмейді. Кез келген жас­та өзіңіз қалаған тілді меңгеріп алуға мүмкіндік жеткілікті. Тек «Тілді үйренуге қабілетім жоқ» деген қисынсыз қағидадан арылып, үйренемін деген ынта-жігер, талпыныс, құлшыныс, ең бастысы қызығушылық болса болғаны. Сондай-ақ өзіңіздің ана тіліңізді ұмытпай, күнделікті қолданып, әрқашан құрмет-қошемет көрсетуді ұмытпаған жөн.

Қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» деген. Иә, халқымыз үшін қазақ тілінің алар орны тура солай. Өйткені ата-бабамыз ұрпақтан-ұрпаққа аманаттаған тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та жарасар. Сәйкесінше оған артылар жауапкершілік те зор. Өйткені, тілі жоқ ел құрдымға оп-оңай кетері анық.
Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем. Ахмет Байтұрсынов «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп ана тілін ұмытқандарды осылай бір-ақ ауыз сөзбен сынға алады. Қарап отырсақ, мұның астарында мәнді мазмұн мен терең тағылым жатыр. Осылайша ол ана тіліміздің қазақ ұлтының жаны, өткені мен бүгінінің көрінісі екенін ашып көрсетеді. Аттың қомы, түйенің жалында жүріп, небір жаугершілік заманды басынан өткерген халқымыз ана тілімізді аман сақтап қалған. Оны тарих беттеріне көз жүгіртсеңіз, көзіңіз жетеді. Бағымызға орай, халқымыз небір зұлматты, қиын кездерді басынан өткерсе де, қазақ тілі жоғалып кетпеді. Дегенмен халық арасында қазақ тілін шұбалаңқы етіп қолданып жүргендер де кездеседі. Орыс тілін араластырып сөйлейтін сол жандар ана тіліміздің қасиеті туралы біле ме екен?
Елбасы Н.Назарбаев та «Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет» деп ана тілді, яғни қазақ тілін жас, өскелең ұрпаққа үйретудің маңызын тілге тиік етті. Сондай-ақ оны қолданыстан жоғалтып алмай, ұрпаққа жеткізудің, аманаттаудың маңызын да түсіндірді, көрсетті.
Иә, бүгін біз тілдің жалпы артықшылығы, қасиеті, қолданылу аясы туралы әңгіме өрбіттік. Әрине, тілдің маңызы туралы бір мақалаға сыйдырып жазу мүмкін емес. Десек те көзі ашық, көкірегі ояу әрбір оқырманға түсінікті тілмен жеткіздік деп ойлаймын. Расында, тәуелсіз елде өмір сүріп, бір-бірімізге қазақ тілінде сөйлемесек жөн емес қой.

Фариза Кенжешова
25 шілде 2020 ж. 3 110 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031