Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіл – ұлттың қазынасы!

Тіл – ұлттың қазынасы!


Әрбір ұлттың ұлттық қадір-қасиетінің көрсеткіші – ұлттың мәдениеті мен тілі, салт-дәстүрі, сана-сезімі. Тіліміз – ең басты қазыналарымыздың бірі,байлығымыз.

Қазақтың ұланғайыр атақонысында көзінің қарашығындай сақтап,келешек ұрпағына аманаттаған баға жетпес ардақты да асыл қазыналарымыздың бірі,ұлттық болмысымызды айқындаушы – ана тіліміз.
Сондықтан да өз тілімізде сөйлеу басты парызымыз ғана емес, шұбарламай оны таза пәк күйінде сақтау азаматтық міндет деп ұғыну керек.
«Өнер алды –қызыл тіл» деп бекер айтылмаса керек. Сөйлей білу де-үлкен өнер. «Тыңдамаған сөз жетім» демекші, таза ұлттық тілімізде мәдениетті, жүйелі сөйленген сөз тыңдаушысыз қалған емес. Өмірлік тәжірибе көрсеткендей сөйлеу мәдениетіне қай халықта болса да ерекше мән берілген.
«Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте»-
деп ақын Қадір Мырза Али айтқандай өз тілімізбен қатар шет мемлекеттің де тілін білу-заман талабынан туындаған мәселе. Жетілемін,өсемін деген әрбір жанға қанша тілді білсе де артықтық етпес. Алайда өз тілін өгейлеп, өзгенің тілінде өбектеген кісілердің азаматтық болмысына қарап не десек болады?
К.Паустовскийдің:«Әрбір адамның өзінің ана тіліне деген көзқарасына қарап, оның мәдени дәрежесіне ғана емес, сонымен бірге азаматтық қасиеті жөнінде де мүлтіксіз баға беруге болады» деген ұлағатты сөзін естен шығармасақ жақсы болар еді.
Тіл-адам бойындағы үш қуатының бірі де бірегейі екені баршамызға мәлім.Адамөнер-білімді, мәдениеттілікті тіл арқылы үйренеді. Тілдің алмайтын қамалы болмаған.
«Тіл-ақылдың өлшемі» деп халқымыз бекер айтпаған. Осы тіліміздің арқасында әлемге танымал болған, өз ұлтының намысын ұлықтаған ұлы тұлғаларымыз - Абай мен Жамбылдың, Мұқағалидың тілдері ешқашан өшпек емес.Мәңгілік елдің мәңгілік тілі болып жасай берсін қазақтың тілі!

Т. Пірімова,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік
қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы
бойынша департаментінің басқарма басшысы
14 маусым 2019 ж. 1 608 0