Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілім менің – тірлігімнің айғағы

Тілім менің – тірлігімнің айғағы

«Ұлттың қуаты – тілінде» демекші, қандай ұлт пен ұлыс болса да, ең басты байлығы – ана тілі. Тілін жоғалтқан халықтың болашағы құрдымға кететіні ащы ақиқат. «Ұлт анасы – тіл» деп тегін айтылмаған. «Сол себепті сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел атанған Қазақстан мемлекетінің нышаны – ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қазығына айналдыру әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті.
Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан баға жетпес асыл мұрасы. Сондықтан ана тіліміздің қасиеті туралы қанша айтсақ та артық болмайды. Қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» деген. Демек, қай салада қызмет етсек те, қандай тілді үйренсек те біздің басты байлығымыз қазақ тілі болмақ. Тіл байлығы – әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тілін көзінің қарашығындай сақтап, оның орынсыз шұбарлануына қарсы тұруы тиіс. Мәселен, Шиелі кентінің автовокзалында тұратын қоғамдық көліктердегі жазбаларға мән берген адам бар ма? Кент ішінде қатынайтын көліктер «поликлиника» т.б бағыттарын емхана, аурухана деп жазса, түсінбей қалатын жан болмас. Ана тілге деген құрмет осындай дүниелерден бастау алатынын аңғармай жүргендейміз. Қоғамдық көлікке аудан тұрғындары жиі мінеді. Бұл бір жағынан өскелең ұрпақтың тілді шұбарламай таза сөйлеуіне де септігін тигізері кәміл. Бүгінгі күні күнделікті ауызекі сөйлесудің өзінде туған тілімізді шұбарлап, орыс тілінде шүлдірлейтіндерді жиі кездестіреміз. Басқаларды айтпағанда, өз ішіміздегі қазақ ұлтының өкілдері қазіргі күні орысшаға көп көңіл аударады. Әсіресе, жас­тар қазақ тілінде емес, орыс тілінде қарым-қатынас жасағанды «сән» көреді. Туған тілінен безінген азаматтарды көргенде орыс жазушысы К.Паустовский «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік» деп ашына айтқаны ойға оралады.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында әрбір қазақстандықтың өміріндегі үштілділіктің маңыздылығы туралы айта келіп: «Орыс тіліне және кириллицаға біз қазақ тіліне қандай қамқорлықпен қарасақ, сондай қамқорлықпен қарауымыз керек. Орыс тілін білу – біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі. Дәл осы орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқанын жоққа шығармауға тиіспіз» деген еді. Олай болса Қазақстан әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстауы шарт. Ол үшін ата-бабаларымыздың өсиеті мен өнегесін, дәстүрі мен тағылымын, тілге, ділге деген құрметін қастерлеп, содан үлгі алуымыз керек. Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттық діліміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры. Сондықтан барлық замандас қазақ тілін аялап, құрметтеуді алдыңғы орынға қойса нұр болмақ.
«Тілім менің – тірлігімнің айғағы» деп жазушы Ә.Тәжібаев жырлағандай, Тәуелсіздігіміздің бас­ты белгісі – ана тіліміз бен ұлттық мәдениетіміз ең асыл қазына, өшпес мұра екенін есімізден шығармайық. Тәуелсіздігіміздің туы мәңгілік желбіреуіне, ана тілінің маңызы айрықша зор екенін ескере отырып, ана тілінің тереңдей дамуына әр азамат бар күш-жігерін салып, өскелең ұрпақ, жас буынға дұрыс бағыт, оң тәрбие беруге жұдырықтай жұмылуы керек.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
13 маусым 2020 ж. 8 561 0