БАЛА ҚУАНЫШЫ ҚАУІПКЕ АЙНАЛМАУЫ ТИІС
Балалық шақ десе көз алдымызға ойын мен күлкі келеді. Ал сол балалық шақтың ажырамас серігі – ойыншық. Қуыршақ құшақтаған қыз бала, машина айдаған ұл бала немесе түрлі құрастырғыштармен ойнап отырған бүлдіршін – бәрі де бала қиялының дамуына ықпал ететін құралдар. Алайда бүгінде ойыншықтар бала денсаулығына әсер ететін маңызды тұтыну тауарының біріне айналды.Қазіргі нарықта ойыншықтың түрі көп. Дүкен сөрелері түрлі-түсті қуыршақтар мен роботтарға, музыкалық құрылғылар мен жұмсақ аңдарға толы. Бірақ олардың барлығы бірдей қауіпсіз деуге келмейді. Кейде сыртқы көрінісі әдемі болғанымен, сапасы күмәнді өнімдер де кездеседі. Сондықтан мамандар ойыншық таңдауда ең алдымен баланың қауіпсіздігін ойлауға шақырады.
Арзан ойыншықтың астарында не жатыр?
Соңғы жылдары ата-аналардың көбі ойыншықты базарлардан, интернет дүкендерден немесе құжаттары толық көрсетілмеген сауда орындарынан сатып алады. Әсіресе бағасы арзан тауарларға сұраныс жоғары. Алайда сарапшылардың айтуынша, сапасыз ойыншықтардың құрамында денсаулыққа зиянды химиялық заттар болуы мүмкін. Кейбір өнімдердің бояуы тез өшеді, жағымсыз иіс шығарады немесе ұсақ бөлшектері оңай ажырап кетеді. Мұндай ойыншықтар бала денсаулығымен қатар өміріне де қауіп төндіруі ықтимал. Балалар ойыншықты тек қолымен ұстап қана қоймайды. Олар оны аузына салады, иіскейді, құшақтайды. Сондықтан ойыншықтың әр бөлшегі қауіпсіздік талаптарына сай болуы тиіс.
Ойыншық – тәрбиенің де құралы
Психологтардың пікірінше, ойыншық баланың ойлау қабілетіне, мінез-құлқының қалыптасуына және шығармашылық дамуына әсер етеді. Сондықтан ойыншық таңдағанда оның қауіпсіздігімен қатар тәрбиелік мәніне де назар аудару қажет. Мысалы, құрастырғыштар логикалық ойлауды дамытса, ұлттық нақыштағы ойыншықтар балаға мәдени құндылықтарды танытады. Ал шамадан тыс дыбысты немесе агрессивті кейіпкерлер бейнеленген ойыншықтар баланың психологиялық қабылдауына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мамандар ойыншықтың санынан гөрі сапасына мән беруді ұсынады.
Маман не дейді?
Шиелі аудандық санитариялықэпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Гүлстан Болатованың айтуынша, ойыншық қауіпсіздігі заңнамамен қатаң реттеледі. – Ойыншықтар қауіпсіздігі Кеден одағының 008/2011 «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентімен реттеледі. Сонымен қатар еліміздің «Ойыншықтар қауіпсіздігі туралы» Заңының 7-бабында ойыншықтың сыртында өнімді дайындаушы, тауар белгісі, ойыншық атауы, дайындалған күні, өндірген мемлекеттің атауы, қолданылу шарттары мен пайдалану жөніндегі нұсқаулықтары көрсетілуі тиіс. Егер өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары болмаса, мұндай ойыншықты сатып алмаған жөн, – дейді маман. Оның айтуынша, ата-аналар ойыншықты таңдағанда бірнеше қарапайым талаптарға мән беруі қажет. – Ойыншықтың иісіне, түсіне, боялу сапасына назар аударыңыз. Оны оңай тексеруге болады. Ойыншықты дымқыл майлықпен немесе саусағыңызбен сүртіп көріңіз. Егер бояуы қолға немесе майлыққа жұқса, мұндай өнімнен бас тартқан дұрыс. Сондай-ақ ойыншық жасалған материалдың қауіпсіз болуы өте маңызды, – дейді Гүлстан Болатова. Маманның сөзінше, ойыншықтардың қорғаныш қабаты сілекейге, терге және ылғалды өңдеуге төзімді болуы керек. Сонымен қатар ойыншық бөлшектері механикалық әсерлерге шыдамды болғаны жөн. – Ойыншықтың үшкір жиектері, өткір бұрыштары, серіппелері немесе босап тұрған бөлшектері болмауы қажет. Баулар мен бекіткіштер де балаға қауіп төндірмеуі тиіс. Ойыншықтар өрт пен жарылысқа қауіпсіз болуы шарт. Ал техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін өнімдер қатарында үшкір қырлы, бояуы тұрақсыз, бетінде кедір-бұдыры бар және сылдырмақтары сапасыз боялған ойыншықтар жатады, – дейді ол. Маман ойыншық сатып аларда оның үстінен қолмен сипап тексеруге кеңес береді. – Егер майысқан жерлері, қылаулары немесе өткір қырлары байқалса, оны сатып алмаңыз. Мұндай ұсақ кемшіліктердің өзі баланың жарақат алуына себеп болуы мүмкін, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Саналы таңдау – бала қауіпсіздігі
Қоғамда көбіне ойыншықтың бағасына немесе сәніне мән беріледі. Ал оның сапасы мен қауіпсіздігі екінші кезекке қалып жатады. Шын мәнінде, ойыншық баланың күнделікті пайдаланатын заты болғандықтан, оған қойылатын талап та жоғары болуы керек. Бүгінгі таңда ата-аналардың алдында үлкен жауапкершілік тұр. Себебі сапалы ойыншық – баланың денсаулығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Ал күмәнді өнімдер қысқа мерзімді қуаныш сыйлағанымен, ұзақ мерзімді қауіптің көзіне айналуы мүмкін. Баланың күлкісі мен қуанышы әр ата-ана үшін қымбат. Сондықтан ойыншық сатып аларда оның сыртқы әдемілігіне емес, сапасы мен қауіпсіздігіне басымдық берген жөн. Өйткені жақсы ойыншық – бір жағынан ойын құралы болса, екінші жағынан бала денсаулығын қорғайтын сенімді серік.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ






