Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕСІКТЕН БАСТАЛАТЫН БОЛАШАҚ

БЕСІКТЕН БАСТАЛАТЫН БОЛАШАҚ

«Біздің кезімізде…» деп басталатын әңгіме бүгінде тек өткенді аңсаудың көрінісі емес, бүгінгі ұрпаққа алаңдаушылықтың да белгісіне айналды. Расында, кешегімізге көз салсақ – қарапайым, бірақ шынайы өмір. Ал бүгінге қарасақ – мүмкіндігі шексіз, бірақ мазмұны жұтаң әлем. Екі дәуірдің арасындағы осы айырмашылық ең алдымен баланың қолындағы ойыншықтан, оның ойынынан, тіпті оның күлкісінен көрінеді.
Тоқсаныншы жылдардың балалығы – жоқшылықпен емес, табиғилықпен өлшенетін кезең еді. Шаң жұтып, жаңбыр суына малынып, балшықтан қамал тұрғызған сол буын өмірдің өзін ойынға айналдыра білді. Ағашты ат қылып мініп, жапырақты ақшаға балап, қарапайым дүниеден қиял құрастыратын. Ойыншықтың тапшылығы – қиялдың молдығына жол ашты. Ал бүгінгі балада керісінше. Ойыншық көп, бірақ ойын аз. Мүмкіндік көп, бірақ қызығушылық үстірт.
Қазіргі қоғамда бала тәрбиесі бұрынғыдай тек отбасының ішкі шаруасы емес. Ол – ұлттық қауіпсіздікпен, рухани тұтастықпен, болашақтың сапасымен тікелей байланысты үлкен мәселе. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі елдің иесі. Ал сол баланың кім болып қалыптасуы оның қолына ұстатқан ең алғашқы заттан, яғни ойыншығынан басталады. Көпшілік үшін ойыншық – баланы алдарқатудың құралы ғана. Бірақ шын мәнінде ол – баланың алғашқы ұстазы, сырласы, тіпті қорғаны. Бала ойыншық арқылы әлемді таниды, адамдар арасындағы қарым-қатынасты түсінеді, өз сезімін жеткізуді үйренеді. Қуыршақпен сөйлескен бала – өз жан дүниесімен тілдесіп отыр. Көлік айдаған бала – болашақтағы рөлін бейсаналы түрде меңгеріп жатыр.
Осы тұрғыдан қарағанда, ойыншық таңдау – жай сауда емес, стратегиялық шешім. Әрбір алынған ойыншық баланың жасына, қабілетіне, психологиялық ерекшелігіне сай болуы тиіс. Ерте жастағы қарапайым пішіндер мен түстер – ойлау жүйесінің іргетасы. Кейінгі рөлдік ойындар – әлеуметтік дағдылардың бастауы. Ал мектеп алды кезеңдегі шығармашылық әрекеттер – тұлғалық қалыптасудың негізі.
Бірақ бүгінгі басты қауіп – ойыншықтың көптігінде емес, оның табиғаты мен балама «ойыншықтардың» пайда болуында. Телефон, планшет, теледидар – қазіргі баланың ең жақын «досына» айналды. Олар баланы тыныштандырады, бірақ дамытпайды. Қызықтырады, бірақ ойландырмайды. Мұндай құрылғылар баланы белсенді әрекеттен алыстатып, пассивті қабылдаушыға айналдырады.
Ең алаңдатарлығы – бұл тек уақытты ұрлау емес, баланың мінезі мен психикасына әсер етуі. Экранға тәуелді бала тез ашуланшақ, шыдамсыз, агрессивті бола бастайды. Тілі кеш шығып, ойлау жүйесі баяу дамуы мүмкін. Сол себепті бұл тек жеке отбасының мәселесі емес, тұтас қоғамның болашағына әсер ететін құбылыс.
Сонымен қатар қазіргі нарықтағы ойыншықтардың сапасы да үлкен сұрақ тудырады. Арзан, әдемі көрінгенімен, құрамында зиянды химиялық заттар болуы мүмкін. Қатты дыбыс шығаратын, қорқынышты бейнелерге толы ойыншықтар баланың жүйкесіне салмақ түсіреді. Мұндай «анти-ойыншықтар» баланың санасына үрей мен агрессия ұялатады. Осы тұста ұлттық құндылықтардың рөлі айрықша. Бала өз мәдениетін, өз кейіпкерлерін танымай өссе, оның рухани тамыры әлсірейді. Шетелдік суперқаһармандарға еліктеген ұрпақ өз батырларын ұмытпауы тиіс. Алдар көсе мен Тазша бала, батырлар мен дана қариялар – тек ертегі кейіпкерлері емес, ұлттық кодтың тірі көрінісі.
Әлемдік тәжірибе де қарапайымдылықтың құндылығын дәлелдейді. Дамыған елдердің өзінде табиғи материалдардан жасалған ойыншықтарға басымдық беріледі. Өйткені қарапайым ойыншық – күрделі қиялдың бастауы. Ал дайын, «бәрін өзі істейтін» ойыншық – баланың ойлауына кедергі.
Сондықтан ата-ана үшін ең маңызды қағида – сан емес, сапа. Ойыншықтың көптігі емес, оның мәні маңызды. Балаға шектеу қою – оны шектеу емес, бағыт беру. Гаджеттен алыстату – жазалау емес, қорғау. Ал бірге ойнау – уақыт өткізу емес, тәрбие.
Бала тәрбиесі – сөзбен емес, әрекетпен жүзеге асатын процесс. Әке мен ананың қатысуы, олардың таңдауы, уақыты – баланың болмысын қалыптастыратын негізгі факторлар. Әсіресе әкенің рөлі – ұл бала үшін айрықша. Ол тек ойыншық сыйлаушы емес, өмірге баулушы тұлға.
Қорытындылай айтқанда, ойыншық – баланың ермегі ғана емес, оның болашағына салынған инвестиция. Әрбір таңдау – ертеңгі қоғамның бейнесін қалыптастырады. Егер біз саналы, дені сау, рухы мықты ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, баланың қолындағы ойыншыққа бейжай қарамауымыз керек. Бәлкім, шынында да, «біздің кезіміз» қарапайым болған шығар. Бірақ сол қарапайымдылықтың ішінде шынайылық, қозғалыс, еркіндік, қиял бар еді. Ал бүгінгі міндет – сол құндылықтарды жоғалтпай, жаңа заманмен үйлестіре білу. Өйткені болашақ – бесіктен басталады.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
06 сәуір 2026 ж. 33 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (9391)

04 сәуір 2026 ж.

№23 (9390)

31 наурыз 2026 ж.

№22 (9389)

28 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930