Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсы өмір сүруге қандай ой кедергі келтіреді?

Жақсы өмір сүруге қандай ой кедергі келтіреді?

Ойдың күші жойқын. Ой бізді шыңға да жетелейді, құрдымға да құлатады. Сондықтан ең алдымен ойыңызға сақ болыңыз. Жақсы өмір сүруге қандай ой кедергі келтіретінін түсіну оңай. Ол үшін не жайында көп ойлайтыныңызды еске түсіріңіз. Өткенді ойлау. Өткенді сарапқа салған жақсы, бірақ өткенмен өмір сүретін адамдар да бар. Олар өткенді ойлаймын деп қазіргі сәтін, болашақты ұмытады. Сіздің қазіргі әрекетіңіз болашақтың негізін қаламақ. Қысқа өміріңіз өкінішпен өтіп кетпесін.  Жағымсыз ой. Ғалымдар адамның басына күні бойы келетін ойдың 80%-ы жағымсыз ой екенін анықтады. Көп адам өміріне шағым айтумен уақытын өткізеді, бірақ өзі бастап бірдеңені өзгертуге талпынбайды. Кез келген тығырықтан шығатын жол бар, сондықтан алдымен ойыңызды бақылап, жақсы нәрсеге ұмтылыңыз.  Бір ғажайыпты күту. Кез келген адам "алдымнан бір қап ақша шықса екен" деп армандайды. Сосын жылы пештің түбіне жатып алып, сол ақша толы қапшықтың "аяғымен жүріп келуін" күтеді. Бұлай ойлаудың өзі дұрыс тәсіл емес. Өйткені маңдай теріңмен таппаған дүниеңнің берекесі аз болады. Сондықтан дәл қазірден бастап өз-өзіңізді қолға алып, шын өмірге шынайы көзқараспен қараңыз.  Қорқынышты ой. Көптеген адам миын бақытты, қуанышты сезіммен емес, қорқынышпен толтырады. Түнде жалғыз қалғаннан пайда болатын қорқыныш пен бір нәрсені бастаудан жүрексіну жақсы өмір сүруіңізге кедергі келтіреді. Арылыңыз!  Айналаны кінәлау. Сәтсіздікке кезіккенде өзіңізді емес, өзге біреуді кінәлаумен болсаңыз, жағдайдың түзеліп кетуі екіталай. Адам өмірін өз қолымен жасайды. Сол себепті ең алдымен өзіңізді бақылауға алыңыз. Кінәні бірінші өзіңізден іздеп, өмірдің әр сәтінен сабақ алуға тырысыңыз.  Кек, қызғаныш. Біреуге кектену, біреуді жек көру арқылы сіз күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырыласыз. Сіз ұнатпайтын танысыңыздың тасы өрге домаласа, оның сәттілігін көре алмай, қызғану арқылы оған емес, өз жүрегіңізге ауырлық түсіресіз. Ал біреуге кектеніп, өш алу мақсатымен өмір сүрсеңіз, жан-дүниеңіз кірлеп, жаман адамға айнала бересіз. Иә, опасыз дос бәрінде бар, тек одан кек алу – сіздің ісіңіз емес. Өмірдің өзі әлі-ақ бәрін орын-орнына қояды. 
Massaget.kz
03 тамыз 2018 ж. 1 449 0