Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТОЙДЫҢ КӨПТІГІ – МАҚТАНЫШ ПА, МӘСЕЛЕ МЕ?

ТОЙДЫҢ КӨПТІГІ – МАҚТАНЫШ ПА, МӘСЕЛЕ МЕ?

Қазақ үшін той – шаттықтың, берекенің, жақсылықтың нышаны. Дегенмен соңғы жылдары ел арасында «той көбейіп кетті, шығыны шектен шықты» деген пікір жиі айтылады. Біреулер үшін ол – отбасының мерейі, қуанышты бірге бөлісудің ең керемет жолы болса, енді біреулер тойдың көптігі қоғамға ауыртпалық әкеледі дейді.

Біз осы тұста аудан тұрғындарының пікірін жинадық. Нәтижесінде мәселенің екі ұшы бар екенін байқадық. Эльвира Ахметова, 40 жаста, кент тұрғыны: – Қазақтың тойы – елдің бірлігінің көрінісі. Қуанышты бірге бөлісудің өзі – береке. Кейде тойға барған кезде адамдармен көрісіп, амандық сұрасамыз. Бірақ соңғы кезде қымбат мейрамханаларда той жасау сәнге айналды. Көрпеңе қарай көсілу керек деп ойлаймын. Қайрат Мәмреев, 38 жаста, Еңбекші ауылы: – Қазір той тек қуаныш емес, бәсекеге айналып кетті. Біреу «мынадай той жасады» десе, екіншісі одан асып түсуді ойлайды. Қарапайым отбасы қарызға батып, несие алып, той жасап жүр. Бұл мақтаныш емес, мәселе деп санаймын. Айсәуле Оразәлі, 20 жаста, студент: – Той – біздің мәдениетіміз. Бірақ кейбір рәсім тым көп. Мысалы, қыз ұзату, үйлену тойы, одан бөлек «қызойнақ», «сырға салу», «құрсақ той» т.б. Барлығы бөлек-бөлек жасалады. Бұларды ықшамдаса да болады ғой. Мейіржан Қайратұлы, 24 жаста, асаба: – Бұрын тойды ауылдың ортасында, үлкен үйде өткізетін едік. Қазір мейрамхана жалдау, әртіс шақыру, тіпті шоу жасау – қалыпты нәрсе болды. Баяғыда тойдың мәні – ауылдың басын қосу еді. Қазір шоу ғана сияқты. БІЗДІҢ ПІКІР Той – қазақ халқының бай дәстүрі. Ол ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени мұра. Бірақ кез келген дәстүр заманға сай жаңарып, қалыптасуы тиіс. Егер той адамды қарызға батырып, отбасының жағдайына кері әсер етсе – бұл қуаныш емес, мәселе. Ал қарапайым, шынайы той – елді біріктіріп, қоғамға қуаныш сыйлайды. Сонымен, тойдың көптігі – мақтаныш та, мәселе де бола алады. Ол әр отбасының мақсат-мүддесіне, мүмкіндігіне және ойлауына байланысты. Ең бастысы, қуаныш қарызға емес, ақ жүрекке негізделуі тиіс. «Көрпеңе қарай көсіл» деген қазақ сөзі бүгінгі қоғамда да өзекті.

С.МАДИЯРОВА
30 қыркүйек 2025 ж. 61 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№74 (9341)

30 қыркүйек 2025 ж.

№73 (9340)

27 қыркүйек 2025 ж.

№72 (9339)

23 қыркүйек 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930