ТӘРБИЕ АЛАҢЫ МА, ТОҚШЫЛЫҚ ЖАРЫСЫ МА?

Той – дәулет асып, шаттық шалқып тұрған шаңырақта ғана өтеді. Демек, бұл тілек арқылы ақжарма пейілді халық «қуанышың мен ырысың тасып-төгіліп жатсын» деген ниетін білдіреді. Жалпы, халқымыздың тойға деген көзқарасы – ысыраптан бұрын, жақсылықты жария етуге, қуанышты елмен бөлісуге құрылған. Сондықтан той үстінде айтылған әрбір тілек, әрбір салтдәстүр – халқымыздың өмір сүру салты мен дүниетанымының көрінісі. Бұрынғының тойы бүгінгіден арзан болса да, ардақты еді... Кезінде қазақ үшін той – екінің біріне бұйыра бермейтін арман болатын. Себебі той жасау үшін тек ниет емес, мүмкіндік те қажет еді. Ақын Төлеген Айбергеновтің «Бір тойым бар, болатыны сөзсіз менің» деп алға үмітпен көз тастауы, Мұқағалидың «Бір той жасап берер едім өзімақ, Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай!» деп налып, арманына жете алмауы – сол кезеңнің шындығын айқын бейнелейді. Ата-аналар баласын алдына алып, «Құдай қаласа, ертең өскенде бір жақсы жердің қызына үйлендіріп, дүркіретіп той жасаймын» деп армандайтын. Бірақ бұл арманның орындалуы әркімнің маңдайына жазылмаған еді. Бірі ұлының шаңырақ көтергенін тоймен атап өтсе, енді бірі тіршілік таршылығынан үлкен қуанышты үнсіз ғана қарсы алатын. Ал қыз ұзату ше? Бұл – тіпті батылдық пен жағдайды қатар талап ететін қадам еді. «Біз ризашылығымызды бердік, елдің істегенін істеп, әкете берсін» деген ата-ананың сөзі – салтты емес, шарасыздықты меңзейтін. Қызын құтты жерге шығарып салуға ниетті болғанымен, қаражат қолбайлау болды. Сүндет тойды пәлен қыздан кейін зарығып ұл көрген ата-ана болмаса, ұлы бардың бәрі жасай бермейтін. Бесік тойыңыз бес кемпірге шәй берумен бітетін. Қазір тіптен бөлек. Жұрт қарызға батып, қиналса да той береді. Ал тойдың тәрбиелік мәнінен гөрі, дарақылық пен даңғазалыққа көбірек бет бұрғаны – көптің алаңдаушылығын тудырып отыр. Тойдың шегін заңмен белігілеген ел Өзбекстанда тойлар мен отбасылық шаралардағы ысырапшылдықты шектеуге бағытталған заңнамалық шаралар 2019 жылдан бастап енгізілді. Бұл бастама ел президенті Шавкат Мирзияевтің ұсынысымен жүзеге асырылып, қоғамда үлкен қолдау тапты. Заңмен бекітілгендей, мемлекетте отбасылық той мен шараларды сағат 6:00-ден 23:00-ге дейін ғана өткізуге болады. Сонымен қатар палау тартудан басқа жағдайларда, тойды бірнеше күнге созуға тыйым салынған. Қалалық және аудандық кеңестер палау тарту уақытын «жергілікті жағдайға байланысты» белгілей алады. Сонымен қатар жиын-тойларға 200-ден аса қонақ шақыруға болмайды. Үйлену тойларына қатысты да жекелеген норма бекітілген. Ол бойынша, той қонақтарының қатарына тағы 50 адамды қосуға рұқсат. Ол – ол ма? Заң бойынша, үйлену тойларында жеңіл автокөлік саны 3-еуден аспауы тиіс және тойға екіден көп әнші мен музыкалық топты шақыруға рұқсат жоқ. Мұндай заңның қабылдану мақсаты – отбасылық салтанатты шаралардағы ысырапшылдықпен күрес. Депутаттар заң жобасын талқылау барысында «ысырапқа толы және салтанатты» үйлену тойларын өткізу үшін, азаматтардың қарызға батып, артынша табыс табу үшін шетелдерге кететінін айтып шағымданған. Өзбекстанның көршісі Тәжікстанда үйлену тойын өткізу тәртібін реттейтін ережелер енгізілгеніне 10 жылдан асты. Жергілікті билікті ескертпей той өткізгендер не салтанат кезінде ақша шашқандар шамамен 50 доллар айыппұл арқалайды. Тойға шақырылған адам саны асып кетсе немесе той ұзақ болып кетсе, 70- 1230 доллар аралығында айыппұл салынады. Шенеуніктерге салынатын айыппұл екі есе көп. Осылайша қазақ қоғамы той мен жаназаны өткізу форматы және оған жұмсалатын қаржы көлемі туралы әлі толыққанды пікірге келе алмай жүргенде өз-ағаларымыз тойдың етекжеңін заңмен қымтап алуға кірісіп кетті. Той – бәсеке емес, түсіністікке бастар жол болуға тиіс Соңғы он-он бес жылда қазақтың тойы да өзінің тәрбиелік мәнінен алыстап, бақталастық пен бәсекелестіктің, ысырапшылдық пен астамшылықтың көрінісіне айналып бара жатқанын ашық айту қажет. Көп жағдайда жұрт көрпесіне емес, елдің сөзіне қарап әрекет етеді. «Бес саусақ бірдей емес» дегенмен, бүгінде той жасауда шама-шарқына қарамай, несие алып, сән-салтанатқа бөленіп, жұртты таңғалдыруды басты мақсат еткендер көп. Қалтасы көтермесе де, тойдан қалмау – беделдің өлшемі секілді қабылданатын болды. Қазақтың тойы бұрын үлкенге – құрмет, кішіге – үлгі, баршаға – береке болатын. Енді сол тойдың қадірі мен қасиетін қайтару – қоғамның ортақ міндеті. Мәселенің маңыздылығына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, 2018 жылғы 4 қазандағы Twitter парақшасында: «БАҚ-та үйлену және басқа да тойларды жаңа үлгіде өткізуге қатысты пікірталастарды қолдаймын. Көзбояушылық, даңғазалық, ысырапшылдыққа жол бермей, бауырлас өзбек, түрік, түрікмен xалықтары сияқты ұлттық дәстүрге баса мән беруіміз қажет», – деп жазған болатын. Президент сөзі – ел үшін бағдар. Ендеше, тойды асыра сілтемей, ұлттық болмыс пен шынайы қуаныштың үлгісіне айналдыру – бүгінгі қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Шын мәнінде, тойдан гөрі түсіністікке, қолдауға, жылы қарым-қатынасқа зәру жастар көп. Бақыт – әдемі тойда емес, өзара сыйластық пен берекелі өмірде.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ