Бата мен тілекті шатастырып жүрген жоқпыз ба?
Ғасырлар көшінде халықпен бірге жасасып, оның өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған бата мен тілек халық өмірінің айнасы. Десе де соңғы жылдары осы бәтуалы бата мен тілек аражігін де әбден шатастырып алған сияқтымыз. Осыдан болар, кейде тойда айтылған тілекті батаға жатқыза саламыз, немесе керісінше. Халқымыз «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас». «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп текке айтпаған. Адамның адамдығын тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ баласы айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген. Сондықтан той-томалақта, келелі жоралғыларда бір-біріне тілек тілеп, қадірлі қариядан бата алу ықылым заманнан дәстүрімізге айналып, тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасып келеді. Алты алаштың ардақтысы болған би-шешендеріміздің берген баталары ел аузында сақталып халық мұрасына айналып, қазақ фольклорының дербес, шағын жанры ретінде қалыптасты. Ұйқасты, ырғақты болып келетін, тұрақты образдарға негізделетін бата халқымыздың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, обал-сауап тұрғысындағы моральдық-этикалық түсініктерінің айғағы іспетті. Киелі сөзге айналған бата үш түрге бөлінеді: ақ бата, теріс бата және серттесу батасы. Ақ бата игі ниеттен туғандықтан ел аузында сақталып, жаңғырып дамып отырды да, жақсылыққа ғана құштар халқымыз теріс батаны ұмытуға тырысты. Ал серттесу батасы - құдалықта, серт пен уәдеде, елшілікте, ел арасындағы маңызды үлкен шараларда жасалатын жол. Ол – хан, ақсақалдар, билер алдында, аруақ орнында да жасалып, қол алысылып орындалатын ғұрып. Оны бұзу, яғни, «бата бұзу» - қарғыспен тең. Сондықтан ақ батаның – нәрестеге бата, асқа бата, ұлға бата, қызға бата, келінге бата, жолаушыға бата, жастарға бата, сүндет той батасы, наурыз батасы, ораза айт батасы, жарапазан батасы, ас қайыру батасы сияқты түрлері көп.
Massaget.kz
Massaget.kz