Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата сөзі – бата сөзі

Ата сөзі – бата сөзі

Өзін әлімсақтан мұсылман санайтын қазақ халқының қанша ғасыр өтсе де бұлжымас салты болып қалыптасқан игі дәстүрінің бірі – бата беру. Кез келген ас беру, жиын-той, тіпті дастарқандағы күнделікті шайда да бата беріп, ас қайырмай тұрмайтынымыз анық. Осыдан-ақ, қазақ үшін батаның қаншалықты маңызды екенін білуге болады.
«Баталы ұл арымас, батасыз ұл жарымас» деген мақал да сол мақсатта айтылса керек. Алайда, батаның неше түрі бар, оны кімнің бергені дұрыс, қай ортада қандай бата жасалып, ішінде не айтылуы керек деген сұрақтарға тосылып қалатынымыз рас.
Бата беру, дұға ету жайлы айтылғанда ең әуелі ата дінімізге тоқталып өтеріміз анық. Себебі, қазақтың салт-дәстүрлерінің басым бөлігі Ислам дінінен бастау алып, қанымызға сіңгені тарихтан белгілі. Осы орайда, ауданның бас имамы Бақыт Ұлжаевтың пікірін білген едік. Оның айтуынша, «Бата» сөзінің түп-төркіні арапшадан аударғанда «Дұға» деген мағынадан шығады. Біз оны бата беру дәстүрі деп айтып кеткенбіз. Сондай-ақ, халқымызда кең тараған батаға тиісті дәстүрдің бірі – тамақтан кейін ас қайыру. Бас имамнан білгеніміздей дұға жасау, бата беру дегеніміз – Алладан сұрау. Бізде әсіресе, үлкен ақсақалдар, абыз кісілерден бата сұрап, бата беріңіз деп үлкен қариялардан дұға алатын болған. Сондықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтады: «Алла тағала жасы ұлғайған қарт кісінің дұғасын, батасын кейін қайтармайды. Жауапсыз қалдыруға ұялады. Алла оларға міндетті түрде жауап береді» деген. Сонымен қатар, жиын-тойларда батадан кейін Құран оқылып, шарапаты өмірден өткен ата-бабаларымызға тие берсін деп жатады. Бұл да бастауын хақ діннен алған игі амал. Бұдан түйгеніміз – бір дастарқан басында тірісіне батамен тілек тілеп, өмірден өткендеріне Құран бағыштап, сансыз сауапқа кенелу. Өкінішке орай, сүтпен дарып, сүйекпен келген бұл игі дәстүрге немқұрайлы қарайтындар да қоғамда жетерлік.

Бабадан қалған бай мұра
Біз жоғарыда батаның шығу тарихы мен мән-маңызы ата дініміз Исламнан бастау алатынын білдік. Яғни, бата сөзі «Дұға ету» дегеннен шығады екен. Ал, қазақ халқында батаның бірнеше түрі бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Тумысынан өнерге жақын болып, Сыр көгін әсем әнге бөлеген өнер иесі аймақ жұртшылығына ғана емес елімізге танымал белгілі әнші сазгер Әлмырза Ноғайбаев бата берудің бірнеше нұсқасы барын айтады. Ықылас батасы – бұл дәстүр бойынша, ақсақалдар мен үлкен кісілер өздерін сыйлап, құрметтеп, арнайы бата сұрай келген адамдарға ықылас-пейілмен берілетін бата болса, ас батасы – аты айтып тұрғандай астан соң айтылатын бата болып табылады. Сол сияқты, алғыс батасы – игі іс жасаған азаматтарға ел ақсақалдарының алғыс айтуы есебінде берілсе, одан бөлек сапар-жорық батасы, шаңыраққа, сәбилерге, қыздарға, жас жұбайларға, келіндерге берілетін баталар да бар.
Осындай құнды ақпарларымен бөліскен Әлмырза ағамыз: – Бата беруші адам жасы үлкен, аузы дуалы ақсақал болуы тиіс. Қолын жайып, бәріне естілетіндей дауыспен мәнерлеп берген дұрыс. Сондай-ақ, батаны тілекпен шатыстырмау керек. Тілек кез келген жердегі кез келген адамның ниеті мен алғысы. Ал, бата өмірді көркемдейтін дұға, жанға шипа, жүрекке дауа, көңілге ем, сенім қаруы, – деп батагөйдің сипаттарымен де бөлісті. Осындайда, тарих пен салт-санаңды ұмыттырған жаһандану жағадан алған тұста осындай құнды ақпарлар жас ұрпаққа ауадай керек-ау деген ойға қаласың.
Жалпы, бата туралы айта берсек, әңгіме көп. Бірақ, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, берілетін әрбір батаның мазмұнды да мағыналы әрі әсерлі естілуіне көңіл бөле жүргеніміз жөн.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
15 қаңтар 2019 ж. 2 860 0