Рухани жаңғырудың жолында аянбайық

Міне, осыдан барып бабадан әкеге, атадан балаға жалғасын тапқан ұлттық ұғым бүгінде одан әрі жанданып, түрленіп отыр. Мұнымен қатар Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осы ұғымдардың жалғастығы, сабақтастығы, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуді насихаттаған қазақы танымды жаңғыртып, жаңа сипатта асқақтату керектігі айтылады.Мысалы, мазмұнды мақаланың «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» атты бірінші тарауында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауы тиіс. Керісінше, заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп бүгінгідей технологияның қарқынды дамыған заманында ұлттық қазақы келбетті, кескінді сақтап қалудың жолдарын қарастыру қажеттігі ескертіледі.
Бұл мақала бұқараға жаңаша серпін беріп, халқымыздың тарихында айтылмай кеткен ақтаңдақтар мен бүгулі жатқан мәліметтер ашыла бастады. Сонымен бірге тағдыр салған зобалаңдар мен қиянаттардың себеп-салдары әшкереленіп, қуғын көрген жандардың өмір жолы таныстырыла бастады. Бірақ әлі де болса айтылар, ақтарылар ақиқат көп, ашылар дерек жеткілікті. Сол үшін де бізге керегі – өткеннің сабағынан нәтиже шығарып, болашақтың жарқын болуы жолында аянбай, адал еңбек ету. Елбасы айтқандай еліміздің барлық саласында «Рухани жаңғыру» дәуірі басталғаны анық. Бір ғана кітапхана саласын алар болсақ, алтын қорымызға кіретін халқымыздың бар байлығы – әдебиеті мен мәдениетін электронды нұсқаға ауыстыру жұмыстарының жүргізілуі жаңғырудың бір белгісі деуге болады. Ендеше, еліміздің ертеңі еркін, келешегі кемел болуы үшін баршамыз әділдікті, адалдықты ту етіп, бір мақсатқа, бір жолға жұмылуымыз керек. Ол жол – «Рухани жаңғыру» жолы.
Сұлушаш МАДИЯРОВА